Түркістан облысы: Түлкібас ауданындағы Пістеліде саумалмен емдейтін туристік кешен ашылады

Ауданда туризм саласын дамыту бағытындағы жобалар саны жыл сайын артып келеді. Соның бірі – Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылында салынып жатқан “Saumal De Lux” туристік-сауықтыру кешені. Бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Туристік кешеннің басты ерекшелігі – саумалмен емдеу, жылқы туризмін дамыту және табиғат аясындағы демалысты ұлттық дәстүрмен ұштастыру. Мұнда келушілер ұлттық тағамдардың дайындалу үдерісін тамашалап қана қоймай, таба нан пісіру мен қолдың майын жасау секілді көнеден келе жатқан дәстүрлермен де таныса алады. Қазіргі таңда кешен құрылысының 90 пайызы аяқталған. Жоба 2026–2027 жылдар аралығында үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ.

Бірінші кезеңде заманауи қонақ үй мен коттедждер бой көтереді. 2026 жылы іске асырылатын алғашқы кезең аясында жалпы аумағы 1280 шаршы метрді құрайтын заманауи қонақ үй пайдалануға беріледі. Қонақ үй құрамында 14 стандартты бөлме мен 2 VIP нөмір қарастырылған. Сонымен қатар арнайы мейрамхана, 2 VIP кабинка, жазғы демалыс алаңы және әрқайсысының көлемі 160 шаршы метр болатын 3 ерекше үлгідегі коттедж салынуда.

Екінші кезең спорт, экотуризм және демалыс аймақтарын  қамтиды. 2026–2027 жылдары жүзеге асатын екінші кезеңде 1080 шаршы метрлік спорт кешені, жазғы бассейн, 10 глемпинг, 5 киіз үй бой көтереді.

Сондай-ақ балық шаруашылығын дамыту, Көкбұлақ өзені үстінен екі аспалы көпір салу және тау бөктерімен өтетін 1,5 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолын жасау жоспарланған.

Бастапқы жоспар бойынша кешеннің алғашқы кезеңі 2026 жылдың наурыз айында ашылуы тиіс болған. Алайда инфрақұрылым мен қаржыландыру мәселелеріне байланысты құрылыс мерзімі ұзартылып, нысанды толық аяқтау 1 шілдеге жоспарланып отыр.

Құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан әкімі әкімдік тарапынан газ, электр жарығы, жол және өзге де инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізуге жан-жақты қолдау көрсетілетінін және жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды сұрады. “Saumal De Lux” кешені іске қосылғаннан кейін өңірдегі туризм саласына жаңа серпін беріп, аудан экономикасының дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You