Түркістан қаласында Түркі өркениеті орталығы бой көтереді

Бүгін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары жаңа орталықтың қазығын қағып, іргетасын қалады. Кешеннің негізгі идеясы – түркітілдес халықтарды әлем тарихында елеулі орны бар, терең философиясы мен мемлекеттілік дәстүрі қалыптасқан ұлы өркениет ретінде дәріптеу. Мұнда ортақ тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеуге, жүйелеуге, мәдени туризм мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән берілмек.

Орталықтың архитектуралық шешімі ерекше символикалық мәнге ие. Кеңістікте түркі дүниетанымындағы Тәңір, Ергенеқон, Көкбөрі, Жерұйық, Дала, Өмір ағашы сияқты маңызды ұғымдар бейнеленеді.

Ал мазмұндық құрылымы жағынан экспозициялар бірнеше тақырыптық аймақтарға бөлінеді. Көрермендер тарихи оқиғаларды терең сезіну үшін виртуалды және толықтырылған шынайылық (VR, AR), голография, жасанды интеллект, иммерсивті дыбыс пен жарық секілді озық технологиялар қолданылады.

Бұдан бөлек Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің рухани мұрасымен танысты.

Мемлекеттер басшылары XIV-XV ғасырларға тиесілі cирек жәдігерлер көрмесін тамашалады. Ол Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолы мен кесененің тарихынан сыр шертеді. Соның ішінде XIV ғасырдан бері сақталған қабірхананың ағаш есігі бар. Есік сүйекпен, қаңылтырмен және алтын жалатылған жазулармен безендірілген. Сондай-ақ куфа мен сулус үлгісіндегі араб мәтінімен өрнектелген.

Мәртебелі меймандарға Әмір Темірдің тапсырысымен жасалған қола шырағдандар, XV ғасырға тән аспалы қола кәндилдер мен айдаһар бейнесінде нақышталған қос құлақты шамдар көрсетілді.

Көрменің ерекше сәулеттік элементі – кесене күмбезінің ұшар басында орналасқан көне кубба (мыстан жасалған).

Залдағы аса құнды жәдігердің бірі – XVIII-XIX ғасырларға жататын Қожа Ахмет Ясауи құлпытасының қабіржапқышы. Оның бедерлі ою-өрнектері діни символизмді, геометриялық композицияны, каллиграфияны ұштастырады. Орталық Азиядағы ислам мәдениетінде қабіржапқыш рухани құрметтің белгісі саналады.

Қожа Ахмет Ясауи демекші, кеше Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған бейнебайланыс режимі арқылы Түркияда бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектептің ашылу салтанатына қатысты. Газиантеп провинциясының Нурдагы қаласында орналасқан заманауи білім ошағында 32 бастауыш және 4 мектепке дейінгі сынып қарастырылған. Ғимараттың жалпы ауданы – 6 мың шаршы метр.  Білім беру кешені мамандандырылған оқу кабинеттерімен, зертханалармен, мәжіліс залымен, кітапханамен жабдықталған. Мектеп аумағында амфитеатр, спорт және балалар ойын алаңдары мен қазақтың ұлттық киіз үйі стилінде жасалған шатырлар бар.

Құрылыс барысында жоба Түркияның қауіпсіздік талаптары мен қазіргі нормаларына сай жетілдіріліп отырды. Өңірдің ерекшелігіне бейімделген инженерлік шешімдер арқылы сейсмикалық қауіпсіздік, ылғалдан сақтау және жылу үнемдеу жүйелері қолданылды.

2023 жылдың 6 ақпанындағы жойқын зілзаладан зардап шеккен өңірге арналған жаңа мектеп салу бастамасын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтергені белгілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның мәдени-гуманитарлық байланыстары жылдан жылға күшейіп келе жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, 2023 жылы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп провинциясында Қазақстан бастамасымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп ашылды.

Астанада және Алматыда «Маариф» қорының мектептерін ашу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстанның 14 мыңға жуық азаматы Түркияда оқиды, ал 260-қа жуық түрік студенті еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуда.

Жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық университеттің жанынан Түркиядағы Гази университетінің филиалы өз жұмысын бастады.

Қазақстанның бірқатар аймағында туризм саласына маманданған түрік компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр.

Мемлекет басшысы бұл бағытта әлі де көптеген мүмкіндік бар екенін алға тартып, түрік бауырларымызды Қазақстанмен озық тәжірибесін бөлісуге, елімізге инвестиция салуға шақырды.

Денсаулық сақтау саласындағы серіктестік те қарқынды дамып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның ірі фармацевтика алпауыттары – “Abdi İbrahim” және “Nobel” компаниялары Қазақстанда өндіріс желілерін іске қосқанын атап өтті.

Көп ұзамай “Orzax Group” компаниясы Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыттың құрылысын бастайды. “YDA Group” Түркістан және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салып жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You