Түркістан облысында «Халық әуені» жобасы басталады

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Қазақстан Халық банкі демеушілігімен жүзеге асатын «Халық әуені» жобасы 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні бастау алады.

«Халық әуені» – ұлттық өнер мен рухани мұраны насихаттауға бағытталған мәдени жоба. Бастаманың негізгі мақсаты – дәстүрлі және заманауи өнердің үздік үлгілерін ел өңірлеріне кеңінен таныстырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау.

Жоба аясында жетекші шығармашылық ұжымдар еліміздің 17 өңірін аралап, шалғай елді мекен тұрғындарына арнайы концерттік бағдарламалар ұсынады.

Түркістан облысында мәдени кештерді 21 мамыр – Шәуілдір ауылында, 22 мамыр – Арыс қаласында, 23 мамыр – Темірлан ауылында өткізу жоспарлануда. “Көпшілікті «Халық әуені» жобасы аясындағы мәдени кештерге қатысуға шақырамыз!”, — дейді ұйымдастырушылар.

Кеш демекші, қазақ поэзиясының қайсар рухын, ұлт мұратын жырына арқау еткен көрнекті ақын Қасымхан Бегманов шығармашылығына арналған «Қазақ деп мұңға баттым мен» атты ән-жыр кеші өтпекші. Онда еліміздің белгілі қаламгерлері мен қоғам қайраткерлері арнайы қонақ болады.

Кештің құрметті қонақтары:

— көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке ҚҰЛКЕНОВ;

— «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, ҚР Президенті Әкімшілігінің консультанты Қалқаман САРИН;

— филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ;

— заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заңгер-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Есберген АЛАУХАНОВ;

— Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы, С.Торайғыров атындағы Павлодар университетінің профессоры Серік ЕЛІКБАЙ;

— мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстар Жазушылар одағының Төрағасының кеңесшісі Әміржан ҚОСАНОВ.

Әдебиет пен өнерді қадірлейтін барша қауымды рухани кешке шақырамыз!

Сонымен қатар терме сүйер қауым үшін де жағымды жаңалық!

19 мамыр күні Отырар аудандық мәдениет сарайында Республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы өтеді. Еліміздің барлық аймағынан келген жыр жүйріктері сөз маржанын теріп, ұлттық өнерді ұлықтайды.

Байқаудың мақсаты ұлттык тәрбиемен халықтық өнерді насихаттау, тіл мәдениетін дамыту және ұлттық дәстүрді дәріптеуге, өскелең ұрпаққа рухани байлығымызды насихаттап, ұлттық тәлім тәрбиені жастардың бойына сіңіруге, оңтүстік өңірінің дәстүрлі ән-терме өнерін насихаттауға, ұмыт бола бастаған шығармаларды қайта жаңғыртуға, дәстүрлі ән-терме жанрындағы жаңа орындаушылармен таныстыруға, шығармашылық байланыстар орнату және орындаушылар арасында тәжірибе алмасуға, әншілердің шығармашылық мүмкіндіктерін нығайту және дамытуға, орындаушылардың кәсіби деңгейі мен шеберлігін арттыруға бағытталған. Басталуы — сағат 10:00-де. Келіңіздер, сырлы саздың куәсі болыңыздар!

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You