Түркістан өңіріндегі туризм саласының серпін алуына халықаралық саммиттің де әсері зор

Түркістан облысы бүгінде еліміздің туризм саласында қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді экономиканың жаңа драйвері ретінде дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осы бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеров жетекшілігімен жүйелі жұмыстар атқарылып, өңірдің туристік әлеуеті жаңа деңгейге көтеріліп келеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы орналастыру орындарында демалғандар саны 347,6 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14,7 пайызға артты. Ал тарихи-мәдени нысандарға келушілер саны 1 миллион адамнан асып, 13 пайыздық өсім көрсетті. Сонымен қатар табиғи аумақтарға саяхаттаушылар саны 151,9 мың адамға жетіп, экотуризмге деген қызығушылықтың артқанын дәлелдеді.

Киелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен тарихи орындар, табиғи аймақтар және жаңа туристік жобалар Түркістан облысын халықаралық деңгейдегі тартымды туристік орталыққа айналдыруда. Бүгінде өңір туризм арқылы экономиканы әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, ел дамуына серпін беріп келеді.

Атап өту керек, Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті шаһарға деген шетелдік туристердің қызығушылығын күрт арттырды. Ауқымды саяси шарадан кейін көне қалаға келуші туристер мен зиярат етушілер саны еселеп көбейіп, демалыс күндері ұшақ билеттерін табу қиындаған. Бүгінде сенбі-жексенбі күндері Түркістан бағытындағы рейстерге сұраныс бірнеше есе өскен. Қонақ үйлерде бос орын азайып, тарихи-мәдени нысандарда келушілер қарасы қалыңдаған. Әсіресе, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келетін зияратшылар саны күн санап артып жатыр.

Статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысымен өңірге келген туристер саны 500 мың адамды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 15,9%-ға артқан. Шетелдік туристердің саны 23 мыңға жуықтаған. Өңірге саяхаттаған ТОП-5 елдің қатарына Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей және Германия мемлекеттері енді. Орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 8,5 млрд теңгеге жеткен. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 70 мың адамды құрап отыр. Ал жыл соңына дейін 550 мың туристке жеткізу жоспарлануда.

Тарихи нысандарға келушілер саны былтыр 1 миллион адамнан асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13%-ға өсті. 2026 жылдың 4 айының қорытындысына сәйкес аталған көрсеткіш 334,8 мың адамды құрады.

Туризм саласындағы серпінге халықаралық саммиттің де әсері зор болды. Сарапшылар Түркістанның түркі әлемінің рухани әрі туристік орталығы ретіндегі беделі күшейгенін айтады. Қалада бүгінде 300-ге жуық қонақүй мен орналастыру нысаны, 300-ге тарта демалыс аймағы қызмет көрсетеді.

Әуежайлар мен теміржол вокзалдарындағы жолаушылар ағынының артуы өңірдегі туристік белсенділіктің жоғары қарқынын көрсетуде. Туристік компаниялардың болжамынша, алдағы айларда келушілер саны одан әрі ұлғая түседі деп күтіліп отыр. Түркістан бүгінде тек Қазақстанның емес, тұтас түркі дүниесінің басты рухани орталықтарының біріне айналып келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You