Шымкент қаласында «Хроникадан – болашаққа» республикалық кинолекторий жобасының алғашқы көрсетілімі өтті

Loading

Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің ұйымдастыруымен «Хроникадан болашаққа» атты республикалық кинолекторий өтті. Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған ауқымды жоба отандық деректі киноны насихаттап, ел тарихындағы маңызды оқиғаларды көрерменге кеңінен таныстыруды мақсат етеді.

Кинолекторий аясында көрермен назарына «ARAL» және «Қуатты серіктес» деректі фильмдері ұсынылды. «ARAL» фильмі Арал теңізіндегі балық шаруашылығына ғұмырын арнаған Күнтуған Тұрғынбаевтың өмір жолы арқылы теңіз тағдыры мен өңірдің бүгінгі тынысын бейнелейді.

Ал «Қуатты серіктес» деректі фильмі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға жасаған ресми сапары мен екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің дамуын арқау етеді.

Іс-шараның ашылуында ҚР Президенті Телерадиокешені Деректі кино орталығының директоры Ақылбек Шалжанов кинолекторийдің маңызына тоқталды.

– Бұл жоба жай ғана фильм көрсету емес. Басты мақсатымыз – көрерменмен ашық пікір алмасып, ел тарихындағы маңызды кезеңдерді деректі кино арқылы жеткізу. Президент Телерадиокешенінің шығармашылық ұжымы 30 жыл бойы ел өміріндегі тарихи сәттерді таспаға түсіріп келеді. Сол мұраны халықпен бөлісу – біз үшін маңызды міндет, – деді ол.

Кинолекторий көрермендерге деректі фильмдер арқылы ел тарихы мен қоғамдағы өзекті мәселелерді тереңірек тануға мүмкіндік берді.

Ал Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек көрсетілген туындылардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Оның айтуынша, фильмдерде мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан жұмыстардың мәні мен маңызы тереңінен ашылып, көрерменге шынайы ақпарат ұсынылады.

– Арал теңізінің тағдыры – бүкіл еліміздің тағдыры. Су айдынын қалпына келтіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың ауқымы мен маңызын осындай деректі фильмдер арқылы тереңірек түсінуге болады. Сонымен қатар мемлекет басшысы еңбек адамын дәріптеу арқылы елдің дамуы мен болашағы адал еңбекпен тығыз байланысты екенін үнемі айтып келеді. Бүгінгі көрсетілім осы құндылықтарды кеңінен насихаттады, – деді ол.

Әлеуметтік және мәдени-ағартушылық бағыттағы жоба аясындағы көрсетілімге кіру тегін болды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, республикалық кинолекторий алдағы уақытта еліміздің 20 қаласын қамтып, қыркүйек айында Алматы қаласында қорытындыланады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You