Шымкентте «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекториінің екінші күнгі көрсетілімі ұйымдастырылды

Loading

Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекториінің екінші күнгі көрсетілімі ұйымдастырылды.

Көрермен назарына Президент Телерадиокешенінің үздік авторлық туындыларының бірі саналатын «СЕРТ» және «TRAVEL KAZAKHSTAN» деректі фильмдері ұсынылды.

«СЕРТ» фильмі 2024 жылдың көктемінде Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында болған алапат су тасқыны кезіндегі ел бірлігі мен халықтың жанкешті еңбегін баяндайды. Туындыда табиғи апат салдарын жою бағытында атқарылған жұмыстар мен Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы кейіпкерлер тағдыры арқылы көрсетілген.

Ал «TRAVEL KAZAKHSTAN» деректі фильмі еліміздің туристік әлеуеті мен табиғи мүмкіндіктерін кеңінен таныстырады. Фильмде Қазақстанның әлемдік туризм картасындағы орны мен саланың даму перспективалары қамтылған.

Айта кетейік, «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Жоба Қазақстанның 20 қаласын қамтиды. Ресми ашылуы 21 мамыр күні Астана қаласында өткен кинолекторий бүгінде еліміздің бірқатар өңірлерінде жалғасып жатыр.

Кинолекторийдің басты мақсаты – Қазақстанның қазіргі тарихын баяндайтын деректі фильмдерді кеңінен насихаттау және қоғам өміріндегі маңызды оқиғаларды экран тілі арқылы көрерменге жеткізу. Көрсетілімдер өңірлік әкімдіктердің қолдауымен ұйымдастырылып, барлық көрермен үшін тегін өткізілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи сананы нығайту және жастардың отаншылдық рухын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Хроникадан болашаққа» жобасы тек деректі фильмдер көрсетілімі ғана емес, елдің өткені мен бүгіні арасындағы сабақтастықты айшықтайтын маңызды мәдени-ағартушылық алаңға айналып отыр. Бүгінде Үкімет мәдениет пен шығармашылық индустрияны дамытуға, отандық контенттің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға басымдық беруде. Осындай бастамалар қоғамның тарихи жадысын сақтауға, азаматтық жауапкершілікті күшейтуге және Қазақстанның жетістіктерін кеңінен насихаттауға қызмет етеді. Ал деректі кино арқылы ұсынылған шынайы оқиғалар мен тағылымды тағдырлар көрерменді ел дамуының мәнін тереңірек түсінуге жетелеп, ұлттық бірлік пен ортақ құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You