Түркістан облысы: Шардара ауданында 200-ге жуық команда қатысқан республикалық интеллектуалды ойын ұйымдастырылды

Loading

Шардара ауданында Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен республикалық «AL-FARABI. Заң мен тәртіп. Қаржылық қауіпсіздік» интеллектуалдық сайысы өтті. Іс-шараның мақсаты – жаңа Қазақстанды құруға бағытталған конституциялық реформаларды қолдау, жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту, қаржылық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру, жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттау.

Интеллектуалдық ойынның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің генерал-майоры Ерболат Балғабаев, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан және Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, қатысушыларға ізгі тілектерін білдіріп, сәттілік тіледі.

Спикерлер өз сөздерінде жастардың білімге ұмтылысы, сыни ойлау қабілеті мен азаматтық жауапкершілігі елдің тұрақты дамуының маңызды негізі екенін атап өтті.

Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен өткен ауқымды шараға 200-ге жуық команда қатысып, жалпы қамту саны 1000-ға жуық адамды құрады. Қатысушылар қатарында жастар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары болды.

Интеллектуалдық дода барысында қатысушылар тарих, құқық, экономика, қаржылық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару, ұлттық құндылықтар және жалпы танымдық бағыттар бойынша әзірленген сұрақтарға жауап беріп, өзара білім мен логикалық ойлау қабілеттерін сынға салды.

Іс-шара аясында жастар арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қаржылық қауіпсіздік мәселелеріне деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған ұсыныстар айтылды.

Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар анықталды. Атап айтқанда, І орынды Шардара ауданынан қатысқан «Нейрон» командасы жеңіп алды. ІІ орын Сарыағаш ауданынан келген «Konina Power» командасына бұйырса, ІІІ орынды Шардара ауданының «Қаржы» командасы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«AL-FARABI» республикалық интеллектуалдық ойыны жастар арасында білім мен ғылымды дәріптеуге, қаржылық қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға, сыни ойлау дағдыларын дамытуға және «Заң мен Тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттауға бағытталған тиімді алаңға айналды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You