Шымкентте «Шырайлы, шежірелі құтты мекен…» атты республикалық ақындар айтысы өтті

Бүгін Шымкентте Қала күніне орай ұйымдастырылып жатқан мерекелік іс-шаралар легі республикалық ақындар айтысымен жалғасты. «Түркістан» сарайында «Шырайлы, шежірелі құтты мекен…» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған рухани шараға еліміздің әр өңірінен танымал айтыскер ақындар қатысты.

Дүбірлі додада Жансая Мусина мен Иран-Ғайып Күзембаев, Дидар Қами мен Мейіржан Жақып, Ержан Әміров пен Біржан Байтуов, Қайырхан Жұбаниязов пен Нұрмахан Жақыпбек, Серік Қуанған мен Нұрмат Мансұр, Рауан Қайдар мен Қажымұхан Абзалов өзара жұп құрды.

Айтысты Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Аманжол Әлтай тізгіндесе, қазылар алқасына Қазақстанның халық жазушысы, қазақ айтыс өнерінің абызы Жүрсін Ерман төрағалық етті.

Айтысты тамашалауға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды. Залға лық толған өнерсүйер қауым ақындардың әрбір ұтымды ойы мен өткір әзілін зор қошеметпен қабылдап, ерекше ықылас танытты. Айтыс барысында ақындар ел бірлігі, ұлттық құндылықтар, туған жерге деген сүйіспеншілік пен Шымкенттің өткені мен бүгінін жырға қосып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Республикалық ақындар айтысы биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылдан бастау алған бұл рухани дода енді жыл сайын Қала күні аясында дәстүрлі түрде өткізілмек. Бүгінгі айтыстың бас жүлде иегері 5 миллион теңгені қанжығасына байлады.

Сонымен, қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Шымкент қаласының ақыны Біржан Байтуовқа бұйырды. Бірінші орынды Астана қаласынан келген Иран-Ғайып Күзембаев иеленді. Екінші орын Ақтөбе облысының ақыны Қайырхан Жұбаниязов пен Түркістан облысының ақыны Нұрмахан Жақыпбекке берілді. Үшінші орын Батыс Қазақстан облысының ақыны Жансая Мусина мен Қарағанды облысының ақыны Дидар Қамиевке табысталды.

Сонымен қатар Шымкент қаласы әкімінің арнайы жүлдесі жергілікті ақындар Мейіржан Жақып пен Қажымұқан Абзаловқа тапсырылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You