Сауран ауданы «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінде өз мәдени әлеуетін паш етті

Түркістан шаһарында ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі Сауран ауданының мәдени күндерімен өз мәресіне жетті. Ауқымды мәдени шара аясында ауданның өнер ұжымдары мен шығармашылық өкілдері ұлттық өнердің үздік үлгілерін ұсынып, Сауран өңірінің мәдени мұрасы мен шығармашылық әлеуетін көпшілікке кеңінен таныстырды.

Фестивальдің ашылу салтанатында Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев сөз сөйлеп, мұндай мәдени жобалардың ұлттық құндылықтарды дәріптеуде, халық шығармашылығын дамытуда және өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуда айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудан әкімдігі тарапынан мәдениет саласын қолдау, өнер ұжымдарының шығармашылық ізденістеріне жағдай жасау және рухани мұраны кейінгі ұрпаққа насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Мәдени бағдарлама барысында аудан өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, көрерменге мазмұнды концерттік қойылым ұсынды. Ұлттық өнерді ұлықтайтын сахналық композициялар, дәстүрлі орындаушылық өнер мен халық шығармашылығы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі мен этномәдени экспозициялар ұйымдастырылды. Көрмеде Сауран ауданының тарихи-мәдени мұрасы, ұлттық салт-дәстүрі мен қолөнерінің озық үлгілері таныстырылып, өңірдің мәдени ерекшелігі жан-жақты насихатталды.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өңірлердің мәдени әлеуетін таныстыруға, халық шығармашылығын қолдауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және шығармашылық байланыстарды дамытуға бағытталған маңызды мәдени алаңға айналды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You