Түркістанға келген туристер саны жыл басынан бері 250 мыңнан асты

Loading

Бұл жөнінде Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжіліс барысында айтылды. Жиында инвестициялық жобаларды іске асыру мен қалаға инвестиция тарту, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, сондай-ақ туристік әлеуетті дамыту және туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мәселелері қаралды.

Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Әдһам Өмірзақтың мәліметінше, арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 163,3 миллиард теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда олардың 6-ы іске қосылып, 9 жобаның құрылысы жүргізілуде. Барлық жобалар толық іске асқанда 4 495 жаңа жұмыс орны ашылады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында қала аумағында 33 әлеуметтік дүкен ашылған. Бүгінде олардың 31-і тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, ретсіз сауда мен заңсыз кәсіпкерлік қызметтің алдын алу бағытындағы рейдтік іс-шаралар жалғасып жатыр.

Туризм саласында да өсім байқалады. 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында Түркістанға келген туристер саны 250 мыңнан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,2 пайызға артқан. Қалада қазіргі таңда 72 орналастыру орны жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы 3 254 төсек-орынды құрайды.

Сондай-ақ, 2024–2027 жылдарға арналған жалпы құны 16,6 миллиард теңгені құрайтын 11 туристік жоба жоспарланған. Бүгінде оның 8-і пайдалануға берілсе, қалған 3 жобаны жыл соңына дейін іске қосу көзделген. Барлық жоба толық жүзеге асқанда 354 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Туристерге қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен атқарылуда. Қала аумағында 85 бағыттаушы тақтайша орнатылып, 4 ақпараттық смарт-киоск қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану орындарының 80 пайызында қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ас мәзірлері енгізілген.

Мәжілісті қорытындылаған қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жауапты сала басшыларына инвестициялық жобалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына күнделікті мониторинг жүргізуді, заңсыз сауда фактілері мен санитариялық талаптардың бұзылуына жол бермеуді тапсырды.

Туристік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Туризм дегеннен шығады, Түркістан қаласының туристік аймақтарында қызмет көрсету сапасын арттыру және келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Мәдени-рухани орталық аумағында электрокар жүргізушілерімен арнайы жиын өткізілді. Жиынға учаскелік және туристік полиция қызметкерлері, сондай-ақ Кірістер басқармасының мамандары қатысып, электрокар жүргізушілеріне қойылатын талаптар мен қызмет көрсету стандарттарын түсіндірді.

Кездесу барысында жүргізушілердің 18 жасқа толуы және тиісті санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы, гид-экскурсовод сертификатын иеленуі, белгіленген бірыңғай киім үлгісін сақтауы және туристерге қызмет көрсету мәдениетін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар көлік ішінде музыкалық сүйемелдеу тәртібін сақтау қажеттігі ескертілді.

Бұдан бөлек, электрокарлардың қозғалыс бағытына өзгерістер енгізіліп, енді олар жаңа маршруттық сызбаға сәйкес «Қолөнершілер орталығы» аумағы арқылы да қатынайтын болады.

Түркістан қаласының туристік тартымдылығын арттыру және қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатындағы мұндай түсіндіру және бақылау шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.

Қолөнершілер қалашығы туристердің көз жауын алады

Түркістан – түркі дүниесінің рухани астанасы ғана емес, ғасырлар бойы сабақтасқан қолөнер мен ұлттық мәдениеттің алтын бесігі. Бүгінде қаланың мәдени өмірінде айрықша орын алатын Қолөнершілер орталығы ұлттық мұраны жаңғыртып, шеберлердің шығармашылығын дәріптейтін маңызды мәдени кеңістікке айналды.

Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына 8 жыл толуына орай қала тұрғындары мен қонақтары кеше ерекше мәдени кештің куәсі болды. Іс-шара аясында ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған қолөнершілер көрмесі мен заманауи үлгідегі ұлттық киімдер көрсетілімі өтті. Көрмеде қолөнер шеберлерінің бірегей туындылары ұсынылып, қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен дәстүрлі өнері жаңа қырынан таныстырылды. Сән көрсетілімінде ұлттық нақыш пен заманауи дизайн үйлесім тауып, отандық дизайнерлердің тың туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар қонақтар шеберлердің қолтаңбасымен танысып, ұлттық өнердің терең мәні мен ерекшелігін сезіне алды.

Мерекелік кештің көркін «Алтын Атшабар» өнер ұжымы мен елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарлама аша түскені анық.

Туристердің жайлылығы үшін абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі

Атап өту керек, Түркістан қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қала инфрақұрылымын жетілдіру, жаңа қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру және жасыл желек қорын көбейтуге бағытталған жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Осыған орай, түнеугүні Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы бірқатар көшелер мен қоғамдық орындарды аралап, абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.

Алдымен шаһар басшысы қалаға кіреберіс аумақтардағы абаттандыру жұмыстарына назар аударды. Бұдан кейін Б.Саттарханов даңғылы мен №9, №11, №13 және №32 көшелерін аралап, санитарлық тазалық, гүлзарлар мен ағаштарды күтіп-баптау, көгалдандыру жұмыстарының сапасын тексерді. Сонымен қатар, сынған және бүлінген инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Аумақтарды аралау барысында қала әкімі Билер аллеясындағы абаттандыру және қоршау жұмыстарымен де танысты. Қазіргі таңда аталған аумақта кешенді көркейту жұмыстары жүргізілуде.

Жоба аясында 3600 шаршы метр аумаққа жаңа аяқжол төселіп, мәрмәрдан жасалған 30 орындық пен 30 қоқыс жәшігі орнатылады. Сондай-ақ, балаларға арналған екі ойын кешені, мәдени-тарихи стенд, шахмат алаңшасы, 42 жарықшам және автоматтандырылған суару жүйесі қарастырылған. Аумақты көгалдандыру мақсатында 170 түп ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған.

Қала әкімі қоғамдық кеңістіктерді дамыту тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне, сондай-ақ шаһардың сәулеттік келбетін жақсартуға тікелей әсер ететінін атап өтті. Осыған байланысты жауапты сала басшыларына барлық жұмысты сапалы орындап, белгіленген мерзімде аяқтауды және әрбір нысанды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Түйін. Соңғы жылдары Түркістан Қазақстанның ең қарқынды дамып келе жатқан туристік орталықтарының біріне айналды. Ел бойынша ішкі және келу туризмінің өсімі сақталып, жаңа туристік бағыттар мен қызмет көрсету сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Түркістан облысы бұл үдерісте көшбасшы өңірлердің қатарынан көрініп, қалаға келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді экономиканың жаңа драйверлерінің бірі ретінде дамытуды, инвестиция тартуды, тарихи-мәдени мұраны тиімді пайдалануды және халықаралық деңгейдегі сервисті қалыптастыруды стратегиялық міндет ретінде айқындаған болатын. Түркістанда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар, туристік инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету мәдениетін көтеру, қолөнер мен ұлттық мәдениетті насихаттау, қоғамдық кеңістіктерді көркейту бағытындағы кешенді жұмыстар — осы міндеттердің нақты көрінісі. Туристер санының ширек миллионнан асуы қаланың тартымдылығы артып келе жатқанын дәлелдейді. Ендігі басты міндет – осы қарқынды сақтап, Түркістанды Орталық Азиядағы жетекші тарихи-туристік әрі инвестициялық орталықтардың біріне айналдыру.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You