Түркістан шаһарында Рәміздер алаңы бар «Астана» саябағының құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Loading

Түркістанда Рәміздер алаңы бар «Астана» саябағының құрылысы жүріп жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс барысын қадағалап, жауапты басшылар мен мердігер компания директорына тапсырмалар берді.

– Жоба жоспарға сай жүзеге асырылуы керек. Көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары да сапалы атқарылсын. Қатаң қадағалауда болады, – деді Нұралхан Көшеров.

Жалпы саябақ аумағына 20,2 гектар жер бөлінген. Онда Рәміздер алаңы, аллея салынып, жан-жағы жайқалған бақпен қоршалады. 12 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылса, қатты жабындылар алаңы 32 мың шаршы метрден асады. 800-ге жуық автокөлік сиятын автотұрақпен қамтылады. Аталған аумақта 20 мың адамның қатысуымен мерекелік іс-шаралар өткізуге мүмкіндік қарастырылады.

Саябақ демекші, бүгінде облыс орталығындағы «Жастар» саябағы да қала тұрғындары мен қонақтары үшін серуендеуге, спортпен шұғылдануға және бос уақытты тиімді өткізуге арналған ерекше қоғамдық кеңістікке айналды. Саябақтың жалпы алаңы 10,5 гектарды құрайды. Демалыс аймағында скейтборд алаңдары мен шахмат клубы, өзге де ойын алаңдары, сонымен қатар екі шақырым жүгіру жолы және веложолдар қарастырылған.

Жабық жылыжайда әртүрлі құрлықтан әкелінген өсімдіктердің 70-ке жуық түрі өсіріледі. Олардың ішінде Жерорта теңізі, Латын Америкасы, Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия және тағы басқа аймақтардың өсімдіктері бар. Пальма, фикус, тропикалық, шөл, субтропиктік, цитрус өсімдіктерімен қамтылған.

Сонымен қоса оқушыларға биология сабақтарын өту мүмкіндігі қарастырылған. Саябақта құстар мен балықтар да бар.

Назар аударар жайт, қазіргі урбанистикада қаланың дамуы тұрғын үйлер мен жолдар салумен ғана емес, халықтың өмір сүру сапасын арттыратын жайлы қоғамдық кеңістіктердің көбеюімен де өлшенеді. Сондықтан Қазақстанда соңғы жылдары саябақтар мен серуендеу аймақтары, көгалдандыру жобалары мен ашық қоғамдық кеңістіктерді дамытуға басымдық беріліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытуда азаматтардың жайлы өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру, қалаларды көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыру тұрақты назарда болуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістандағы Рәміздер алаңы бар «Астана» саябағы мен «Жастар» саябағы секілді жобалар қала тұрғындарына демалыс пен спортқа қолайлы жағдай жасап қана қоймай, шаһардың сәулеттік келбетін жаңғыртып, туристік тартымдылығын арттыруға да қызмет етеді. Бұл – Түркістанның заманауи, жасыл әрі өмір сүруге қолайлы қала ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсететін маңызды қадамдардың бірі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You