![]()
Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» туристік кешенінде республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауының финалдық кезеңі жоғары деңгейде өтті. Қазақтың қасиетті қара домбырасы ұлықталған тағылымды кешке еліміздің әр өңірінен белгілі күйшілер, өнер майталмандары жиналды. Ұлттық өнердің мерейін асқақтатқан мәдени іс-шараға Түркістан облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.
– Ардақты күйшілер! Түркістан төрінде бастау алған бүгінгі айтулы іс-шараға қош келдіңіздер! Өздеріңізге белгілі, шілде айының алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Президентіміздің бастамасымен жарияланған бұл мереке – ұлттық болмысымыздың айғағы. Осы мереке аясында ұйымдастырылып отырған «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы – рухани өміріміздегі елеулі оқиға. Бұл өнер додасы еліміздің демократиялық дамуындағы ең маңызды кезеңдермен тұспа-тұс келіп отыр. Біріншіден, 1 шілдеден бастап Жаңа Конституциямыз заңды күшіне енді. Заң үстемдік құрған, бірлігі бекем ел ғана өзінің ұлттық құндылықтарын сақтап, мәдениеті мен өнерін жаңа деңгейге көтере алады. Екіншіден, еліміздің бас қаласы, айбынды елордамыз – Астана күні мерекесінің қарсаңында тұрмыз. Айтулы мерекелерде күйшілер байқауының өтуі – біз үшін үлкен мақтаныш. Халықтың рухани байлығы оның өнерімен өлшенеді. Ал қазақтың рухын ғасырлар бойы асқақтатып келе жатқан киелі мұраның бірі – күй өнері. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай: «Қос ішектің үніне бүкіл тарихымыз, ұлттық болмысымыз сыйып тұр. Күй — қазақтың қасиетті шежіресі». Осы ұлы дәстүр кейінгі буынмен жалғасты. Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен келген жиырмадан астам дарынды күйші өз өнерлерін ортаға салады. Осындай байқаулар таланттарды танытып қана қоймай, ұлттық өнердің өрісін кеңейтеді.Түркістан облысында айтыс, терме, дәстүрлі ән, күй өнері және өзге де ұлттық құндылықтарды насихаттайтын ауқымды жобалар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені рухани құндылығы мықты елдің іргесі де берік болады. Қасиетті домбыраның үні үзілмесін, күй құдіреті баршаңызға күш-жігер сыйласын! – деді Ертай Алтаев.
Түркістан төрінде қазақтың қасиетті қара домбырасы ұлықталып, күй өнерінің құдіреті кеңінен насихатталды. Сахнада Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Сүгір» атындағы ұлт аспаптар оркестрі, Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаева, күйші-композитор Ғаламат Бейсеқожа және күйші Шыңғыс Исаев өнер көрсетіп, көрерменнің рухын көтерді. Сонымен бірге Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымы өнер көрсетті.
Кештің шарықтау шегі – республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауының финалдық кезеңі болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен іріктеліп келген жиырмадан астам дарынды күйші өзара бақ сынап, қазақтың күйшілік дәстүрін жоғары деңгейде дәріптеді. Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Алматы қаласының өкілі Іңкәр Күзембай иеленді. І орынды Нұрәли Саятұлы (Алматы қаласы) жеңіп алса, ІІ орын Бекнұр Әбдіжәлилге (Астана қаласы) және Жантілек Жұмагелдиевке (Атырау облысы) бұйырды. ІІІ орынды Асылбек Жорабеков (Атырау облысы), Оңғар Дәулет (Шымкент қаласы), Тұрсын Арсен (Алматы қаласы) және Дінмұхаммед Сұлтан (Түркістан облысы) иеленді. Сонымен қатар, Төлеген Момбеков және Сүгір Әліұлы атындағы арнайы жүлделердің иегерлері мен дипломанттар анықталып, барлық қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Ұлттық домбыра күні аясында өткен республикалық байқау күй өнерінің мерейін үстем етіп қана қоймай, Түркістанның қазақтың төл мұрасы мен руханиятын тоғыстырған маңызды орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Түркістанда Астана күніне арналған мерекелік концерт өтті
Бұдан бөлек Астана күніне орай Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» туристік кешенінде еліміздің белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті. Кеш барысында сахна төрінде әсем ән шырқалып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше әсер сыйлаған әсерлі концерттік бағдарлама ұсынылды. Түркістан тұрғындары мен қала қонақтары елорданың мерейлі мерекесін бірге атап өтіп, өнер кешінің сәнін келтірді.
Концерт барысында Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы құттықтау сөз сойлеп, Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары патриоттық және тақырыптық әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл сыйлады.
Кештің шарықтау шегі сахнаға шыққан Қазақстанның танымал эстрада жұлдызы Қайрат Түнтековтің көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін орындауы болды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Оразкүл Дәулетова, «Семсер» және «Арнау» топтары, » Ай-Дана» дуэті, жеке орындаушылар мен «Яссы» халықтық би ансамблі өнер көрсетіп мерекелік кештің мазмұнын айшықтай түсті.
Астана күніне арналған мерекелік кеш тұрғындар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ел бірлігін, Тәуелсіздік пен жасампаздықтың, руханияттың мерейін асқақтата түсті.
Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениетті жаңғырту мәселесін мемлекеттік идеологияның негізгі тіректерінің бірі ретінде қарастырып келеді. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы: «Ұлттық бірегейлігімізді нығайтатын ең қуатты күш – төл мәдениетіміз бен дәстүріміз» екенін атап өтіп, домбыра мен күй өнерін ұлттың тарихи жады мен рухани коды ретінде бағалады. Ал Ұлттық домбыра күніне арналған құттықтауында: «Домбыра – халқымыздың болмысын, дүниетанымын, тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан қасиетті мұра» деп, дәстүрлі өнерді дәріптеу елдік сананы қалыптастырудың маңызды тетігі екенін ерекше айтты.
Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік деңгейде жүйелі жалғасуда. Қазақстанда 3 мыңнан астам мәдениет ұйымы, жүздеген өнер мектептері мен шығармашылық ұжымдары жұмыс істейді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары дәстүрлі өнер фестивальдері, күй, айтыс, терме және жыр байқауларының саны тұрақты өсіп келеді. Мыңдаған жас домбыра үйірмелерінде білім алып, кәсіби сахнаға жолдама иеленуде. Бұл – ұлттық өнердің сабақтастығы үзілмей, жаңа буынның қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Түркістанда өткен республикалық «Күй құдіреті» байқауы қарапайым өнер сайысы емес. Ол – қазақтың күйшілік мектептерін бір арнаға тоғыстырған, өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтқан әрі жас таланттардың кәсіби өсуіне мүмкіндік берген республикалық рухани алаң. Мұндай байқауларда тек жеңімпаздар анықталмайды, ұлттық орындаушылық дәстүрдің үзілмейтін алтын көпірі қалыптасады.
Бүгінде Түркістан өзінің тарихи мәртебесіне сай тек діни-рухани орталық ретінде ғана емес, ұлттық мәдениеттің жаңа астанасына айналып келеді. Соңғы жылдары мұнда халықаралық және республикалық деңгейдегі айтыстар, дәстүрлі ән, күй, қолөнер, театр және фольклор фестивальдері тұрақты ұйымдастырылуда. Бұл үрдіс қала экономикасына да оң әсер етіп отыр. Туризм саласындағы ресми деректерге сәйкес, Түркістанға келетін ішкі және сыртқы туристер саны жыл сайын өсіп, өңірдегі мәдени туризмнің үлесі артып келеді. Демек, мәдени іс-шаралар бүгінде рухани құндылық қана емес, өңірдің туристік тартымдылығы мен креативті экономикасының маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр.
«Күй құдіреті» байқауының Астана күні қарсаңында ұйымдастырылуының да өзіндік символдық мәні бар. Астана – тәуелсіз Қазақстанның жаңғыруының белгісі болса, Түркістан – ұлттың тарихи жады мен рухани тамыры. Осы екі құндылықтың тоғысуы елдің өткені мен болашағының сабақтастығын айқын көрсетеді. Сондықтан елорданың мерекесі мен Ұлттық домбыра күні аясындағы өнер мерекесінің қатар өтуі – тәуелсіз Қазақстанның заманауи дамуы мен ұлттық құндылықтарының өзара үйлесім тапқанын білдіретін маңызды мәдени оқиға.
Сондықтан Түркістан төрінде өткен республикалық күйшілер байқауы ұлттық өнерді дәріптеумен ғана шектелмейді. Ол Мемлекет басшысы жариялаған «Адал азамат» тұжырымдамасы мен ұлттық бірегейлікті нығайту саясатының нақты көрінісі. Өйткені күй – тек музыкалық мұра емес, ол халықтың дүниетанымы, тарихи жады, еркіндік рухы мен елдік санасының көркем шежіресі. Осындай тағылымды жобалар көбейген сайын қазақтың күй өнері жаңа тыныс алып, Түркістан ұлттық мәдениеттің алтын бесігі әрі күллі түркі әлемінің рухани орталығы ретіндегі мәртебесін одан әрі бекемдей түсетіні сөзсіз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
