![]()
Сауран ауданында жоба құны 400 миллион теңгені құрайтын салфетка өндіретін цех іске қосылды. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген кәсіпорын тұрмыста кеңінен қолданылатын қағаз салфеткалардың бірнеше түрін өндіреді.
Жобаның негізгі мақсаты – ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету, импорт көлемін азайту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Қазіргі таңда кәсіпорын 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және жергілікті еңбек нарығын дамытуға оң ықпал етуде.
Цехта өндірілетін өнімдер сапа талаптарына сай дайындалып, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту және өнімді облыс аумағымен қатар еліміздің өзге өңірлеріне де жеткізу жоспарланып отыр.
Аталған жоба Сауран ауданында өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық бастамалардың бірі болып табылады. Өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы экономиканы әртараптандыру және халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Атап өту керек, Сауран ауданында салфетка өндіретін жаңа цехтың іске қосылуы – өңір экономикасын әртараптандыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және шағын өндірістерді дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамыту, жергілікті өндірісті күшейту және халықты тұрақты жұмыспен қамту экономикалық өсімнің негізгі тетігі екенін үнемі атап келеді. Бүгінде Түркістан облысында осы бағыттағы жұмыстар қарқын алып, өнеркәсіп саласына инвестиция тарту көлемі артып келеді. Өңірде индустриялық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып, азық-түлік, құрылыс материалдары, тоқыма және тұрмыстық тауарлар өндірісі кеңейіп жатыр. Жергілікті шикізатты тиімді пайдаланып, қосылған құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындардың көбеюі өңірдің экспорттық әлеуетін де күшейтуде. Осындай бастамалардың қатарындағы Саурандағы жаңа өндіріс орны халықты тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, отандық өнімнің үлесін арттыруға және ауданның экономикалық белсенділігін күшейтуге ықпал етеді. Бұл – «Еңбек арқылы өркендеу» қағидатына негізделген мемлекеттік саясаттың өңірлерде нақты іске асып жатқанын көрсететін маңызды қадам.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
