![]()
Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылында жеке кәсіпкер Таджиддин Нурметов шеге шығару өндірісін сәтті жүзеге асыруда. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көрген кәсіпкер өндіріс көлемін ұлғайтып, жергілікті нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету бағытында талмай еңбек етіп келеді.
Кәсіпкер бағдарлама аясында «Ырыс» МҚҰ-нан жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 9 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, қаражатты өндіріс орнына қажетті заманауи құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсаған. Бүгінде цехта құрылыс саласында кеңінен қолданылатын шегенің 20 түрі шығарылады.
Өндірілген өнім Түркістан облысының бірнеше аудандары мен қалаларына жөнелтіліп, тұтынушылар сұранысын қанағаттандыруда. Қазіргі таңда өндірілген өнімге тапсырыс көлемі артып келеді. Кәсіпкер бұл істің отбасылық бизнеске айналғанын айтады. Өндіріс жұмысына ұлдары да белсенді түрде қатысып, кәсіптің дамуына өз үлесін қосуда.
Кей кездері сұраныстың көптігінен барлық тапсырысты уақтылы орындау қиынға соғатын жағдайлар да кездеседі. Осыған байланысты кәсіпкер өндірістік қуатты арттыру мәселесін қарастырып, құрылыс компаниялары мен түрлі фирмалармен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуды жоспарлап отыр.
Мемлекет қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың дамуына оң әсерін тигізуде. Осындай жобалардың бірі саналатын шағын цех жұмысы ауыл кәсіпкерлігінің табысты үлгісіне айналған.
Бұдан бөлек Сауран ауданындағы Оранғай ауылдық округінің тұрғыны Шомансур Мажитов те «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5 миллион теңге несие алып, жылыжай кәсібін дамытуда. Алғашында болгар бұрышын өсіруден бастаған кәсіпкер бүгінде қияр өндіріп, өнімін Түркістан және Кентау қалаларының базарларына өткізуде. «Қосқорған» жалпы орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаратын кәсіпкер жылыжай шаруашылығымен қатар жүгері егуді де қолға алған.
“Бастапқы қызығушылықтан туған іс бүгінде отбасылық кәсіпке айналып отыр. «Ауыл аманаты» – табысты кәсіптің тірегі!”, — дейді өзі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Күшті өңір – қуатты елдің негізі» екенін бірнеше мәрте атап өтіп, ауылдың болашағы тек әлеуметтік қолдаумен емес, өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына тікелей байланысты екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысы «Адал еңбекпен табыс тапқан адам әрдайым құрметке лайық» деген ұстанымды алға тартып, өңірлерде шағын өндіріс орындарын көбейту, импортқа тәуелділікті азайту және жергілікті өнімнің үлесін арттыру – экономикалық саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін үнемі назарға алып келеді. Саурандағы шеге өндірісі мен жылыжай шаруашылығы осы саясаттың ауылдағы нақты көрінісіне айналып отыр.
Бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы елдегі ең тиімді әлеуметтік-экономикалық бастамалардың бірі ретінде бағалануда. Бағдарлама іске қосылғалы республика бойынша ондаған мың ауыл тұрғыны жеңілдетілген несие алып, жеке кәсібін бастап немесе кеңейтуге мүмкіндік алды. Нәтижесінде мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, ауылдағы шағын өндіріс, өңдеу өнеркәсібі, жылыжай шаруашылығы мен кооперация бағыттары қарқын ала бастады. Ең маңыздысы – мемлекеттік қолдау тұтынушылық мақсаттан өндірістік бағытқа бет бұрып, қосылған құны жоғары өнім өндіретін кәсіптердің саны артып келеді.
Сауран ауданындағы бұл екі жоба да қарапайым кәсіптің уақыт өте келе тұрақты бизнеске, кейін отбасылық кәсіпкерлікке айналатынын дәлелдейді. Бірі құрылыс индустриясына қажетті өнім шығарып, импорттың орнын басуға үлес қосса, екіншісі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ішкі нарықты жергілікті көкөніспен қамтуға еңбек етіп отыр. Бұл – Президент тапсырған еңбек өнімділігін арттыру, өңдеуші секторды дамыту және ауыл экономикасын әртараптандыру міндеттерінің нақты жүзеге асуы.
Қазір елімізде экономикалық өсімнің жаңа моделі өндірісті дамытуға негізделіп жатыр. Мемлекет басшысы Үкіметке шикізатқа тәуелділікті азайтып, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін ұлғайтуды міндеттеп келеді. Сондықтан ауылдағы әрбір жаңа цех, әрбір жылыжай немесе өңдеу кәсіпорны тек бір отбасының табыс көзі ғана емес, тұтас өңірдің экономикалық тұрақтылығына әсер ететін маңызды өндірістік буын саналады.
Саурандағы осындай бастамалар ауылдың әлеуеті әлі толық ашылмағанын көрсетеді. Егер мемлекет ұсынған жеңілдетілген қаржыландыру, кәсіпкерлердің ізденісі мен еңбекқорлығы ұштаса берсе, ауылдар жұмыс күші сыртқа ағылатын мекен емес, керісінше өндіріс қалыптасып, жаңа жұмыс орындары ашылатын, жастардың туған жерде тұрақтап еңбек етуіне мүмкіндік жасайтын экономикалық өсім орталығына айналмақ. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Әділетті Қазақстанның басты қағидаларының бірі – еңбек адамының әлеуетін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету жолындағы нақты нәтижелердің көрінісі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
