Сауран ауданында жиһаз өндірісі қарқын алып, жаңа өндірістік кластер қалыптасып келеді

Loading

Сауран ауданында өндіріс саласын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар нақты нәтижесін бере бастады. Соңғы жылдары аудан аумағында бірінен соң бірі іске асырылып жатқан жиһаз өндірісі жобалары өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беруде. Бүгінде Сауранда металдан жасалатын мектеп және кеңсе жиһазынан бастап жұмсақ және корпустық жиһазға дейін өндіретін бірнеше кәсіпорын қалыптасып, аудан өндірісінің жаңа бағыты айқындала түсті.

Ең ірі өндіріс орындарының бірі – металдан жасалған үстелдер мен орындықтар өндіретін заманауи кәсіпорын. Мұнда бүгінде 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын жылына 22 мыңнан астам үстел мен 700 мыңға жуық орындық шығарып, өнімнің 70-тен астам түрін өндіреді. Өнімдері Қазақстанның барлық өңірлеріне жөнелтіліп қана қоймай, экспортқа да шығарылып келеді.

Өндірісте халықаралық стандарттарға сай роботтандырылған желілер мен автоматтандырылған жабдықтар пайдаланылып, ұнтақты бояу технологиясы енгізілген. Бұл өнім сапасын арттырып, еңбек өнімділігін еселеуге мүмкіндік берген. Кәсіпорын «Халық банкі» арқылы қаржыландырылып, «Даму» қорының қолдауына ие болған. Ал аудан әкімдігі тарапынан қажетті инженерлік инфрақұрылым толық жеткізілген.

Саурандағы өндіріс әлеуетін күшейтетін тағы бір маңызды жоба – «Yassy Group» жиһаз фабрикасының құрылысы. Құны 1,5 миллиард теңге болатын жоба толық іске қосылған кезде 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, заманауи жиһаз өнімдерін шығаратын ірі өндіріс орнына айналмақ.

Ауданда жүзеге асырылып жатқан келесі инвестициялық бастамалардың бірі – “Jado Group” компаниясының жиһаз өндірісі. Жобаға 500 миллион теңге инвестиция бағытталған. Қазіргі таңда кәсіпорында 15 адам еңбек етсе, өндіріс толық қуатына шыққанда 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын ішкі нарыққа сапалы әрі бәсекеге қабілетті жиһаз өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр.

Иассы ауылдық округінде жұмыс істейтін «Artibo» кәсіпорны да өндіріс көлемін ұлғайтып келеді. 2022 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын бүгінгі күні өндірістік базасын кеңейту мақсатында екі жаңа ғимараттың құрылысын жүргізуде. Құны 200 миллион теңге болатын жоба аясында 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда темір үстелдер мен орындықтар шығарылып, отандық өнім көлемі артып келеді.

Қарашық ауылдық округінде іске қосылған «Soft Line» кәсіпорны аудан үшін жаңа бағыт – жұмсақ жиһаз өндірісін қолға алды. Инвестиция көлемі 250 миллион теңгені құрайтын кәсіпорында бүгінде 30 адам еңбек етеді. Жоба шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін беріп, ішкі нарықты отандық жұмсақ жиһазбен қамтуға бағытталған.

Ірі жобалардың бірі – Үшқайық ауылдық округінде жүзеге асырылатын жиһаз өндірісі. Құны 1,6 миллиард теңге болатын кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Бұл аудан тарихындағы ең ауқымды өндірістік жобалардың бірі саналады.

Сонымен қатар «Хабибулла ата» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырып жатқан корпустық жиһаз өндірісі де ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған. Жоба құны – 3 миллиард теңге. Өндіріс толық іске қосылған кезде 150 жаңа жұмыс орны ашылып, ішкі нарыққа сапалы корпустық жиһаз өнімдері шығарылатын болады.

Осылайша, Сауран ауданында жиһаз өндірісі бір ғана кәсіпорынмен шектелмейтін, бірнеше бағытты қамтитын тұтас өндірістік экожүйеге айналып келеді. Металл жиһазы, жұмсақ жиһаз, корпустық жиһаз және кеңсе жиһазын өндіретін кәсіпорындардың қатар дамуы ауданның өнеркәсіптік бейінін қалыптастырып, инвестиция тарту мүмкіндігін кеңейтуде. Ең бастысы – бұл жобалар жүздеген тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына және өңір экономикасының әртараптануына нақты үлес қосып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамыту, импортты алмастыратын өндірістерді көбейту және еңбек өнімділігін арттыру – ел экономикасының негізгі басымдықтарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Саурандағы жиһаз өндірісінің қарқынды дамуы осы міндеттердің өңірде жүйелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Егер қолға алынған инвестициялық жобалар толық іске қосылса, аудан Түркістан облысындағы ғана емес, Қазақстанның оңтүстігіндегі жиһаз өндірісінің ірі орталықтарының біріне айналуға толық мүмкіндік алады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You