Түркістан шаһарында санитарлық тазалық пен қоғамдық тәртіп бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр

Loading

Түркістан қаласы бойынша барлық секторларда санитарлық тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тұрақты түрде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Іс-шаралар аясында сектор мамандары учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, тұрғындармен және кәсіпкерлік нысан иелерімен кездесулер өткізуде. Кездесулер барысында қоршаған ортаның тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға шығару, абаттандыру қағидаларын сақтау және қолданыстағы заңнама талаптарын орындаудың маңыздылығы түсіндірілуде.

Сонымен қатар, тұрғындарға санитарлық тазалық пен қоғамдық тәртіпке қатысты ақпараттық-ескерту парақшалары таратылып, қала тазалығы әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі екені жеткізілуде. “Бұл бағыттағы түсіндіру және алдын алу жұмыстары қала аумағының барлық секторларында жүйелі түрде жалғасатын болады”, — дейді жауапты мамандар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы бүгінде экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, қоғамдық тәртіп пен азаматтық жауапкершілікті нығайтудың маңызды тетігіне айналды. Осыған сәйкес Үкімет санитарлық тазалықты сақтау, елді мекендерді абаттандыру және заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Биыл өңір әкімдіктеріне қалалардың санитарлық жағдайын цифрлық бақылауды күшейту, қалдықтарды басқарудың жаңа инфрақұрылымын дамыту, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру және «Таза Қазақстан» акциясын тұрақты экологиялық мәдениетке ұластыру жөнінде нақты міндеттер жүктелді. Сонымен қатар қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы «Заң мен тәртіп» қағидаты да барлық өңірде кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Түркістан қаласында сектор мамандары мен учаскелік полиция инспекторлары бірлесіп жүргізіп жатқан профилактикалық түсіндіру жұмыстары осы мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейдегі нақты көрінісі болып табылады. Өйткені таза әрі тәртіпті қала – коммуналдық қызметтердің ғана емес, тұрғындардың құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігінің нәтижесі. Қала тазалығын сақтау мен заң талаптарын құрметтеу күнделікті өмір салтына айналғанда ғана Түркістанның туристік тартымдылығы артып, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You