![]()
Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде өтіп жатқан «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Созақ ауданының Мәдениет күні жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны көрініп-ақ тұр.
Тағылымы терең, тарихы бай Созақ өңірінің рухани мұрасы мен ұлттық құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған іс-шара тұрғындар мен қала қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Фестиваль аясында келушілерге ауданның қолөнер шеберлері әзірлеген ұлттық нақыштағы бірегей бұйымдар көрмесі ұсынылып, шеберлердің қатысуымен арнайы шеберлік сағаттары өткізіліп жатыр. Қазақтың дәстүрлі қолөнерінің озық үлгілері көпшілік назарына ұсынылып, ұлттық өнердің терең тамыры мен тәрбиелік мәні кеңінен дәріптелуде.
Сонымен қатар Созақ ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ауданның еңбекқор шаруалары өндірген табиғи әрі сапалы өнімдер тұрғындар назарына ұсынылды. Жәрмеңке келушілерге өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетімен танысуға мүмкіндік беріп, жергілікті өнім өндірушілердің еңбегін насихаттауға жол ашты.
Іс-шара барысында Созақ ауданының сан ғасырлық тарихы, мәдени мұрасы, салт-дәстүрі, өнері мен бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жетістіктері жан-жақты таныстырылып, өңірдің туристік және мәдени әлеуеті кеңінен насихатталуда.
Фестивальдің шарықтау шегі ретінде аудан өнерпаздарының қатысуымен ауқымды мерекелік гала-концерт өтеді. Концертте Созақтың талантты өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
Мерекелік кештің арнайы қонағы – қазақ эстрадасының танымал әншісі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Еркін Нұржанов. Өнер иесінің әсем әндері фестиваль көркін қыздырып, рухани кештің сәнін келтірмек.
Созақ – шежірелі тарихы, бай мәдениеті, киелі мұрасы мен дарынды өнерпаздары тоғысқан қасиетті өлке. Бүгінгі мәдениет күні – сол асыл құндылықтарды қалың жұртшылыққа танытып, ұлттық өнер мен руханиятты ұлықтайтын тағылымды мереке.
Созақ ауданының Мәдениет күні – бір өңірдің жетістігін таныстыратын мерекелік шара ғана емес, ұлттық мәдениетті жаңғыртуға, тарихи мұраны дәріптеуге және өңіраралық рухани байланысты нығайтуға бағытталған маңызды мәдени жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Бурабай, Түркістан және Атырауда өткен отырыстарында мәдениет пен руханиятты ел дамуының негізгі тіректерінің бірі ретінде айқындап, тарихи жадымызды сақтау, ұлттық бірегейлікті нығайту және өңірлердің мәдени әлеуетін кеңінен танытудың маңызын ерекше атап өтті. Президенттің бастамасымен бүгінде тарихи-мәдени мұраны қорғау, шығармашылық ұжымдарды қолдау, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту және туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Осы саясат аясында Үкімет мәдениет саласын қолдау мен креативті индустрияларды дамытуға ерекше басымдық беруде. Ел көлемінде театрлар, музейлер, кітапханалар мен мәдениет үйлері жаңғыртылып, ұлттық өнерді халықаралық деңгейде дәріптеу, халық шығармашылығын қолдау және мәдени туризмді дамытуға бағытталған жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар өңірлердің тарихи ерекшелігі мен рухани мұрасын танытатын фестивальдер, көрмелер мен шығармашылық форумдар ұлттық мәдениеттің дамуына жаңа серпін беріп келеді.
Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан бүгінде тек тарихи орталық қана емес, мәдени дипломатияның, туризмнің және ұлттық өнердің ірі орталығына айналып отыр. Соның айқын дәлелі – «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі. Бұл жоба әр ауданның мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін, қолөнерін, ұлттық тағамдарын және шығармашылық әлеуетін бір алаңда таныстырып, өңірлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және ішкі туризмді дамытуға зор үлес қосуда.
Созақ ауданының Мәдениет күні осы игі бастаманың жарқын көрінісі болды. Қолөнер көрмесі, шеберлік сағаттары, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, тарихи-мәдени экспозициялар мен гала-концерт – мұның барлығы Созақтың тек бай тарихын ғана емес, оның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен шығармашылық тынысын да жан-жақты танытады. Әсіресе, ұлттық қолөнердің үздік үлгілерін көрсету мен жергілікті өнім өндірушілердің еңбегін насихаттау мәдениет пен экономиканың өзара сабақтастығын айқындай түседі.
Созақ – Қаратау мен Қызылқұмның арасын жайлаған, қазақтың талай тарихи тұлғаларын дүниеге әкелген, күй мен жырдың, салт пен дәстүрдің алтын бесігі. Сондықтан мұндай мәдени жобалар өткеннің мұрасын дәріптеумен қатар, оны қазіргі заманның игілігіне айналдыруға мүмкіндік береді. Еркін Нұржанов сынды өнер майталмандарының қатысуы да фестивальдің мазмұнын байытып, ұлттық өнердің сабақтастығын көрсетеді.
Мәдениет – ұлттың рухани паспорты. Ол халықтың тарихи жадын сақтап қана қоймай, елдің халықаралық беделі мен өңірлердің туристік тартымдылығын арттыратын маңызды күшке айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Созақ ауданының мәдениеті мен өнерінің Түркістан төрінде кеңінен насихатталуы – Президенттің ұлттық құндылықтарды ұлықтау, мәдени мұраны сақтау және креативті экономиканы дамыту жөніндегі стратегиялық бағытының нақты нәтижесі. Мұндай тағылымды шаралар ұлттық рухты асқақтатып, мәдени мұрамызды жаңа буынға насихаттай отырып, Түркістан өңірінің рухани және туристік әлеуетін одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
