![]()
Түркістан қаласындағы «Керуен-Сарай» туристік кешенінде өткен «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Кентау қаласының мәдени күндері ұйымдастырылды. Рухани шара барысында өңірдің өнері, тарихи-мәдени мұрасы, қолөнері мен шығармашылық әлеуеті кеңінен таныстырылып, тұрғындар мен қала қонақтарына ерекше әсер сыйлады.
Мәдени күндер аясында Кентау қаласының өнері мен қолөнері, ұлттық дәстүрі мен заманауи шығармашылық бағыттары бір алаңда тоғысты. «Ұлттық құндылық – ел қазынасы» атты қолөнер шеберлерінің көрмесінде ұлттық нақышта жасалған бұйымдар көпшілік назарына ұсынылып, шеберлер өз туындыларының жасалу ерекшеліктерін таныстырды. Сонымен қатар келушілерге арналған шеберлік сағаттары өткізіліп, ұлттық өнердің қыр-сыры көрсетілді.
Қолөнер көрмесі – мәдени мұраны сақтап қана қоймай, шығармашылық индустрияны дамытуға мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі. Бүгінде ұлттық нақыштағы бұйымдар мен авторлық туындылар мәдени құндылық ретінде ғана емес, креативті индустрияның заманауи өнімдері ретінде де бағаланып келеді.
Шара барысында Кентау өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де ұйымдастырылып, келушілерге жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалардың табиғи әрі сапалы өнімдері ұсынылды. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық әлеуетін танытып, жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған маңызды бастама болды.
Ұлттық мұраны дәріптеу мақсатында қазақ халқының дәстүрлі спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні насихатталды. Сонымен қатар Кентау қаласының тарихы, белгілі тұлғалары мен өңірдің қалыптасу кезеңдерін қамтыған тарихи-танымдық көрме ұйымдастырылып, көрермендердің қызығушылығын арттырды.
Мәдени шара барысында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов сөз сөйлеп, шаһардың тарихы, өндірістік әлеуеті, мәдени жетістіктері және болашақ даму бағыттары туралы баяндады. Қала басшысы мұндай мәдени жобалардың өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттаудағы маңызын атап өтті.
Мерекелік кештің басты бөлігі «Кентауым – шабытымның шырағы» атты Гала-концертпен жалғасты. Кеш барысында қала өнерпаздары ән мен биден, ұлттық өнерден тұратын мазмұнды бағдарлама ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сондай-ақ Қазақстан эстрадасында өзіндік орны бар, Кентау қаласының тумасы Ақбота Нұрдың өнер көрсетуі мәдени кештің мазмұнын арттыра түсті. Жерлес өнерпаздың сахнадағы өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Кентау қаласының мәдени күндері – өнер мен тарихты, ұлттық дәстүр мен заманауи шығармашылықты сабақтастырған мазмұнды мәдени жоба болды. Шара барысында қаланың рухани әлеуеті, тарихи мұрасы мен шығармашылық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылып, Кентаудың мәдени келбеті Түркістан төрінде айқын көрініс тапты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
