Кентауда экологиялық мәдениет пен қоғамдық белсенділік дәріптеліп жатыр

Loading

Кентау қаласында тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдысын орнықтыруға және қоғамның ортақ құндылықтарын нығайтуға бағытталған бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының негізгі қағидаттары өңірде нақты жобалар арқылы іске асып, тұрғындардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беруде. Осындай игі бастамалардың бірі – «Эко-Аула KENTAU» экологиялық жобасы аясында ұйымдастырылған кең ауқымды сенбілік.

Жоба Кентау қаласының Сәкен Сейфуллин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында өтті. Экологиялық шараға аула тұрғындары, жастар, еріктілер, ата-аналар және мектеп оқушылары белсенді қатысып, туған қаланың тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Іс-шараның басты ерекшелігі – сенбіліктің тек аумақты тазалаумен шектелмей, тұрғындардың экологиялық дүниетанымын қалыптастыруға бағытталған мәдени-ағартушылық сипатта ұйымдастырылуы болды.

Шара барысында балаларға арналған қызықты экологиялық ойындар, танымдық тренингтер мен тәжірибелік сабақтар өткізілді. Қатысушыларға табиғатты қорғаудың маңызы, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және экологиялық мәдениеттің күнделікті өмірдегі орны жан-жақты түсіндірілді. Осындай тәрбиелік жұмыстар өскелең ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.

«Эко-Аула KENTAU» жобасы Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған жобасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл бастама мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және жергілікті тұрғындардың өзара ынтымақтастығының жарқын үлгісіне айналып отыр. Мұндай бірлескен жұмыстар қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырып, тұрғындардың өз ауласына, көшесіне және қаласына деген жанашырлық сезімін күшейтеді.

Сенбілік барысында ұйымдастырылған «Қоқыс тапсыр — сыйлық ал» акциясы тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылар тұрмыстық қалдықтарды жинап қана қоймай, оларды сұрыптауға да белсенді атсалысты. Нәтижесінде С.Сейфуллин көшесіндегі №106, №110, №112, №114, №116 және №118 көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары толық тазартылып, абаттандырылды. Экологиялық акция соңында белсенділік танытқан тұрғындар мен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар аулаларға қалдықтарды бөлек жинауға арналған арнайы қоқыс жәшіктері орнатылып, қоқыс жинау орындары белгіленді. Бұл тұрғындардың қалдықтарды басқару мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаның тазалығын ұзақ мерзімде сақтауға мүмкіндік береді.

Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде экологиялық мәдениет тұрақты дамудың маңызды көрсеткіштерінің біріне айналған. Қазақстанда да бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп, тұрғындардың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі ретінде қарастырылуда. Осы тұрғыдан алғанда, Кентауда жүзеге асырылып жатқан «Эко-Аула KENTAU» жобасы қоғамдық мәдениетті нығайтуға, еріктілер қозғалысын дамытуға және жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады.

Таза әрі көрікті аула – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартатын, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өсуіне жағдай жасайтын маңызды фактор. Сонымен қатар мұндай бастамалар қаланың эстетикалық келбетін жақсартып, қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде Кентаудың тартымды келбетін қалыптастырып, өңірдің қоғамдық және мәдени дамуына оң әсерін тигізеді.

«Эко-Аула KENTAU» жобасы — экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бір реттік акция емес, қоғамда тұрақты өмір салтын орнықтыруды көздейтін ұзақ мерзімді бастама. Сондықтан жоба аясындағы сенбіліктер, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен ағартушылық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы мен қоғамдық жауапкершілігін нығайтуға қызмет ете бермек”, — дейді ұйымдастырушылар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You