Кентауда креативті форматтағы экологиялық жоба жастарды біріктірді

Loading

Кентау қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында креативті форматтағы плоггинг акциясы ұйымдастырылды. Қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруды көздеген шара жастардың шығармашылық белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін ұштастырып, экологиялық бастамаларды насихаттаудың заманауи үлгісін көрсетті.

Қазіргі таңда қоғамдық жобаларды жүзеге асыруда креативті тәсілдерді пайдалану кеңінен қолданысқа еніп келеді. Кентауда өткен бұл шара да соның жарқын көрінісі болды. Акция барысында қатысушылар тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, өнер мен қоғамның өзара байланысын дәріптейтін мазмұнды кездесуге қатысты.

Шараға қала жастары, еріктілер, тұрғындар және бүлдіршіндер белсене қатысып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Плоггинг – жүгіру мен қоршаған ортаны тазалауды қатар үйлестіретін заманауи экологиялық қозғалыс ретінде жастар арасында кеңінен танылып келеді. Мұндай бастамалар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, табиғатқа жанашырлық пен қоғамдық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Акцияның басты ерекшелігі – елімізге танымал “Bayguys жайдарман” тобының мүшелері, кино актерлары Жалғас Елеусінов, Мағжан Нұрғали және Бағжан Данайдың арнайы қатысуы болды. Өнер иелері жастармен еркін жүздесіп, өздерінің шығармашылық жолы туралы әңгімелеп, қоғамдағы мәдениет пен өнердің тәрбиелік маңызына тоқталды. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін айтып, жастарды белсенді өмір салтын ұстануға және қоғамдық бастамаларға атсалысуға шақырды.

Кездесу барысында қатысушылар актерлармен пікір алмасып, естелік суретке түсіп, еркін форматтағы сұхбатқа қатысты. Мұндай шығармашылық кездесулер жастардың өнерге қызығушылығын арттырып қана қоймай, қоғамдағы маңызды мәселелерді креативті тәсілдер арқылы жеткізудің тиімділігін көрсетті. Өнер адамдарының қатысуы акцияның мазмұнын байытып, оның тәрбиелік және танымдық мәнін күшейте түсті.

Бүгінде креативті индустрия тек мәдениет пен өнер саласын ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік бастамаларды насихаттаудың да маңызды құралына айналып келеді. Танымал шығармашылық тұлғалардың қатысуымен өткізілетін осындай іс-шаралар жастарды қоғамдық өмірге тартуға, еріктілік мәдениетін дамытуға және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға оң әсер етеді.

“Кентау қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Ал креативті форматтағы мұндай бастамалар қоғамның экологиялық мәдениетін нығайтып, жастардың шығармашылық әлеуетін қоғамдық игілік жолында тиімді пайдалануға мүмкіндік береді”, — дейді ұйымдастырушылар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You