![]()
Ордабасы ауданында елді мекендерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы бағытта Төрткүл ауылдық округіне қарасты Ақсары ауылына табиғи газ беріліп, нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, сала мамандары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жоба облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйек айында басталып, 2026 жылдың маусымында толық аяқталды. Нәтижесінде ұзындығы 9,7 шақырым газ құбыры тартылып, 50 тұрғын үй табиғи газға қосылды.
«Ақсары ауылына табиғи газдың берілуі – тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты жобалардың бірі. Алдағы уақытта да ауданымыздағы елді мекендерді инженерлік-коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасады», – деді аудан әкімі.
Шара барысында ауыл ақсақалы «көгілдір отын» алауын салтанатты түрде жағып, ақ батасын берді. Тұрғындар көптен күткен жобаның жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, бүгінде Ордабасы ауданындағы 57 елді мекеннің 45-і табиғи газбен қамтылған. Бұл ауданның газдандыру деңгейі 79 пайызға жеткенін көрсетеді.
Еске салайық, кеше ғана Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселелері қаралды. Жиында өңірлердегі газдандыру жұмыстарының барысы, инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындарды табиғи газбен қамтуды арттыру бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Үкімет отырысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс арқылы қатысып, өңірдегі газ саласын дамыту жұмыстары мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.
Айтуынша, облыс аумағында табиғи газ инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы газдандыруға арналған 87 нысанның құрылысына 20,7 миллиард теңге бөлініп, оның 45-і пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 41 елді мекендегі 102 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Қалған 42 нысанның құрылысы биыл аяқталады.
Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бүгінде Түркістан облысындағы 801 елді мекеннің 606-сы табиғи газбен қамтылған. Бұл – өңірдегі 1 миллион 887 мыңнан астам тұрғын немесе халықтың 88 пайызы.
Баяндама барысында облыс әкімі өңір үшін маңызды жобалардың бірі – Созақ ауданын газдандыру жұмысына арнайы тоқталды. Биыл алғаш рет облыстың солтүстігіндегі Созақ ауданына табиғи газ жеткізіліп, Жамбыл облысынан жоғары қысымды газ құбыры тартылды. Нәтижесінде аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы 16 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылды. Сонымен бірге қуаттылығы сағатына 30 мың текше метр болатын «Созақ» автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Бұл жоба ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, алдағы уақытта өзге елді мекендерді де кезең-кезеңімен газдандыруға мүмкіндік береді.
– Өңір тұрғындарын сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, жыл соңына дейін газдандыру деңгейін 90 пайызға жеткіземіз. Қосымша жобаларды іске асыру арқылы бұл көрсеткішті 92 пайызға дейін арттыруға толық мүмкіндік бар. Созақ ауданына алғаш рет табиғи газдың жеткізілуі – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің нақты қолдауының нәтижесі. Өңір тұрғындары осы қолдау үшін шынайы ризашылықтарын білдіреді. Түркістан облысында газ саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.
Биыл өңірде 74 газдандыру нысанының құрылысына 13,7 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 33 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде тағы 34 елді мекендегі 35 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылып, облыстағы газдандыру деңгейі 90 пайызға жетеді. Осылайша 640 елді мекендегі шамамен 2 миллион тұрғын табиғи газдың игілігін көреді. Сонымен қатар қосымша 28 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленген. Жалпы құны 23,6 миллиард теңгені құрайтын бұл жобаларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлуге өтінім жолданды. Қолдау тапқан жағдайда тағы 28 елді мекендегі 65 мың тұрғын табиғи газға қосылып, облыстың газдандыру деңгейін 92 пайызға жеткізуге мүмкіндік туады.
Қазіргі таңда облыста табиғи газ тартылмаған 161 елді мекен бар. Оның ішінде 36 елді мекеннің тұрғындары аз болғандықтан, оларды газдандыру экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Ал қалған 125 елді мекендегі 160 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» жүзеге асырылып жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
