Шымкент: «Шәмші әлемінде» ұлы композитордың өлмес әндері қайта жаңғырды

Loading

Шымкенттегі «Шәмші әлемі» гүлзары бір кеште қазақ әнінің алтын дәуіріне қайта оралғандай әсер қалдырды. Әуелеген әсем әуен, сахнадан төгілген сырлы ән, көрерменнің ыстық ықыласы – барлығы қазақ музыкасының біртуар перзенті Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына деген халық махаббатын тағы бір мәрте аңғартты.

Қазақстанның халық әртісі, көрнекті композитор, «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай қаладағы «Шәмші әлемі» гүлзарында «Бақыт құшағында» атты гала-концерт өтті. Музыкалық кеш ұлы композитордың өлмес мұрасын ұлықтап, оның жүрекке жақын әндерін қайта жаңғыртты.

Мерекелік шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев бастаған зиялы қауым өкілдері, өнер саласының мамандары, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Кештің алғашқы сәтінде көпшілік «Шәмші әлемі» гүлзарындағы композитор ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қазақ ән өнеріне өлшеусіз үлес қосқан дара тұлғаның рухына тағзым етті. Ескерткіш алдына қойылған гүлдер – халықтың Шәмшіге деген құрметінің, оның шығармашылығына деген сарқылмас сүйіспеншілігінің символындай көрінді.

Музыкалық кеш Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Ал одан кейін Шәмші әлемінің шырайын кіргізген әндер бірінен соң бірі шырқалды. «Теріскей», «Құшақ жайған қандай адам», «Қайықта», «Арыс жағасында», «Ана туралы жыр», «Әнім сен едің», «Қайдасың?», «Отырардағы той», «Шынарым», «Ақмаңдайлым», «Бақыт құшағында», «Сыр сұлуы», «Дүнген қызы», «Сыған серенадасы» сынды шығармалар кештің музыкалық өзегіне айналды.

Бұл әндердің әрқайсысының өз тарихы, өз үні, өз сезімі бар. Бірінде туған жердің топырағына деген сағыныш сезілсе, енді бірінде жастықтың жалынды лебі аңғарылады. Бір ән махаббаттың мөлдір сырын ақтарса, бірі анаға деген перзенттік махаббатты асқақтатады. Ал «Арыс жағасында», «Отырардағы той» секілді шығармалар туған өлкенің тынысын, қазақы болмыстың бояуын әуен арқылы жеткізеді.

Концерт барысында өнерпаздар Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің және қалалық Опера және балет театры симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындады. Оркестрдің қуатты үні мен әншілердің сырлы орындауы композитор шығармаларының музыкалық тереңдігін аша түсті.

«Шәмші әлеміндегі» кешті жай ғана концерт деу аздық етеді. Бұл – халықтың өз композиторымен қайта қауышқан, өткен мен бүгінді ән арқылы жалғаған рухани кездесу болды. Сахнадан төгілген әрбір әуен көрерменді Шәмші өмір сүрген кезеңге жетелеп, қазақ әнінің алтын қорындағы шығармалардың мәңгілік ғұмырын тағы бір сезіндірді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You