![]()
Шымкенттің шеткі аумақтарында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – бүгінде шаһардың қарқынды дамып келе жатқан аумақтарының қатарына енген Құрсай тұрғын алабы. Мұнда, әсіресе, су ресурстарын тиімді пайдалану және тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға басымдық берілген.
Құрсайдың Шымкент қаласының құрамына енуіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы №1110 қаулысы негіз болды. 2014 жылы тұрғын алап қала құрамына толық енгізілгеннен кейін аумақтың инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде қолға алынды. Алғашқы кезекте ауыз сумен қамту мәселесіне назар аударылды.
2018 жылы орталықтандырылған су желілеріне 8436 тұтынушы қосылған. Бүгінде магистральды және орамішілік су желілерін жүргізу жұмыстары соңғы кезеңіне жетті. Жоба екі кезеңге бөлініп, жұмыстарды «Риголит» ЖШС атқаруда. Бірінші кезеңге 2,444 миллиард теңге, екінші кезеңге 2,482 миллиард теңге бағытталған. Қазіргі таңда нысандардың құрылыс дайындығы 95 пайызға жетті.
Құрсайға жауапты бас маман Мейіржан Әмірханның айтуынша, су құбырының бірінші кезеңі толық аяқталған. Қалған жұмыстарды жыл соңына дейін бітіру жоспарланып отыр.
«Қазір тұрғындардың жартысы мемлекеттік желілерді пайдаланса, екінші жартысы жеке желілерге қосылған. Тариф бойынша айырмашылық жоқ. Негізгі ерекшелік – су қысымында. Құрсайда бүгінде 153 көше бар. Тұрғындар саны жыл сайын артып, шамамен 12 мың адамға жетті», – дейді маман.
Тұрғын алапты газдандыру жұмыстары да жалғасуда. Құрсайға көгілдір отын тарту 2020 жылы жеке бастамалар есебінен басталған. Қазіргі таңда аумақтың 60 пайызы газбен қамтылған. Қалған 40 пайызын мемлекет есебінен газдандыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарды 2027–2028 жылдары толық аяқтау көзделген.
Электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі бүгінде толық шешілген. Тұрғындар тұрақты электр қуатымен қамтылған. Көше жарығы да ретке келтіріліп, қазіргі таңда жарықтандырылмаған көше қалмаған.
Осылайша, Құрсайда ең алдымен тұрғындардың күнделікті өміріне қажетті базалық инфрақұрылым қалыптастырылып, ауыз су жүйесін жаңарту жұмыстары қорытынды кезеңіне жетіп отыр. Аумақтың жыл сайын өсіп келе жатқан тұрғындар саны ескеріліп, инженерлік желілерді дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса бермек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
