Президент тапсырмасы: Шымкентте қалдықты өңдейтін заманауи кешеннің құрылысы басталды

Loading

Шымкентте қатты тұрмыстық қалдықтарды термиялық әдіспен өңдеп, электр энергиясын өндіретін заманауи кешеннің құрылысы басталды. Жаңа нысанның негізіне капсула салу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Shaanxi Construction Engineering Kazakhstan Co., Ltd» компаниясының басшылығы қатысты.

Ауқымды инвестициялық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, экологиялық инфрақұрылымды дамыту және қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда. Жоба республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының мақсаттарымен де сабақтасып отыр.

Кешеннің жобалық қуаты тәулігіне 1000 тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықты өңдеуге және 24 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Жобаға тартылатын тікелей инвестиция көлемі шамамен 54 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2026–2028 жылдары жүргізіліп, нысан іске қосылғаннан кейін кемінде 80 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Кешеннің іске қосылуы қалдықтарды полигондарға көму көлемін едәуір азайтып, қоршаған ортаға түсетін антропогендік жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қалдықтарды өңдеудің озық технологиялары енгізіліп, одан қосымша энергетикалық ресурс өндіріледі. Өңдеу нәтижесінде пайда болатын күлді құрылыс материалдарын өндіруде пайдалану да жоспарланған.

«Бүгін біз Шымкент үшін маңызды экологиялық жобалардың бірінің негізін қалап отырмыз. Кешеннің іске қосылуы қалдықтарды басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, заманауи технологияларды енгізуге және қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді. Серіктестеріміз бен инвесторларымызға сенімі мен бірлескен еңбегі үшін алғысымды білдіремін», – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Жобаның жүзеге асуы халықаралық ынтымақтастық пен инвестиция тарту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі болды. 2024 жылы Шымкент пен Қытайдың Сиань қалалары арасындағы бауырластық байланыстарды нығайту аясында Қытайдың іскер топтарымен бірқатар келіссөз жүргізілген. Қазақстанның Сиань қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен өткен кездесулер нәтижесінде осындай жобаларды іске асыруда тәжірибесі мол «Shaanxi Construction Engineering» компаниясымен ынтымақтастық орнатылды.

Кейін қала әкімдігі мен компания арасында ынтымақтастық туралы меморандумға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен инвестор арасында инвестициялық келісімге қол қойылды.

Жаңа кешеннің құрылысының басталуы Шымкенттегі қалдықтарды басқару жүйесін дамытудың жаңа кезеңіне жол ашып отыр. Экологиялық қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, қалдықты энергияға айналдыратын жоба қаланың орнықты дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға үлес қосады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You