![]()
Шымкентте тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Қалада жаңа тұрғын үйлердің салынуы және жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың іске асырылуы азаматтардың баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар үшін мұндай бағдарламалардың маңызы зор.
Осы бағыттағы тиімді тетіктердің бірі – «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары. Аталған бағдарламалар арқылы кезекті 31 отбасы жаңа пәтерлі болып, қоныс тойын атап өтті.
Ақжайық шағынауданындағы жаңа көпқабатты үйлерден берілген пәтерлердің кілтін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа қоныс иелеріне салтанатты түрде табыстады. Қала әкімі баспаналы болған отбасыларды құттықтап, жаңа үйлерінде береке мен бақыт орнауына тілектестік білдірді.
Жаңа пәтер иелерінің қатарында мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар және бюджет саласының қызметкерлері бар. Олар үшін жаңа баспана – жай ғана тұрғын үй емес, өмірді жаңа кезеңнен бастауға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Қолжетімді тұрғын үймен қамту – қаладағы әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Бұл ретте тұрғын үй құрылысының қарқынын арттырумен қатар, азаматтардың әртүрлі санатына арналған қолдау тетіктерін тиімді пайдалану маңызды.
Айта кетерлігі, Ақжайық шағынауданындағы пәтерлерді тұрғындарға табыстау жұмысы қала аумағында жаңа тұрғын үйлердің пайдалануға берілуіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде баспана кезегіндегі азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға жол ашады.
“Жаңа қоныс иелерінің қуанышы – тұрғын үй саясатының нақты нәтижесінің көрінісі. Алдағы уақытта да Шымкентте халықты сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жалғасын табады”, — дейді жауаптылар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
