Брифинг: Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді

Loading

Шымкентте тұрғындардың баспана мәселесін шешуге бағытталған кешенді жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау тетіктерін кеңейту және тұрғын үй нарығындағы қолжетімді мүмкіндіктерді арттыру – қаладағы әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Кенжеханұлы Төлебаев мәлімдеді.

Бүгінде қалада тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды кезең-кезеңімен баспанамен қамтуға бағытталған нақты жоспар іске асырылуда. 2026 жылдың соңына дейін 7386 кезектегі азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Оның ішінде жалдамалы және несиелік пәтерлер қарастырылған. Қазірдің өзінде мыңдаған отбасы жаңа баспананың кілтін алып, қоныс тойын атап өтуде. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, тұрғын үй алуға мұқтаж азаматтарға қосымша мүмкіндік беріледі.

Әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты – еңбек етіп жүрген жастарды қолдау. Соңғы жылдары жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйлер беріліп, олардың қалада тұрақтап, кәсіби тұрғыдан дамуына жағдай жасалды. Бағдарламаның мерзімі аяқталған жастарды қолдау мақсатында Шымкент әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында ынтымақтастық орнатылып, жеңілдетілген «Қамқор» өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесінде көптеген жас отбасы жеке баспаналы болуға мүмкіндік алды.

Тұрғын үйді жалға алу шығынын өтеуге бағытталған субсидиялау бағдарламасы да өз тиімділігін көрсетіп келеді. Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған пәтерлердің жалдау ақысын субсидиялау арқылы жыл сайын мыңдаған отбасы мемлекеттік қолдауға ие болуда. Бұл механизм, әсіресе, тұрғын үй сатып алуға бірден мүмкіндігі жете бермейтін азаматтар үшін маңызды әлеуметтік көмекке айналды. Бағдарламалардың орындалуы тұрақты бақылауда болып, мемлекеттік қолдаудың ашықтығы мен тиімділігіне мониторинг жүргізілуде.

Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлерді жекешелендіру қызметі де толық электронды форматқа көшірілген. Бұл тұрғындарға қажетті рәсімдерді жеңілдетіп, тұрғын үйді жеке меншікке заң талаптарына сәйкес рәсімдеу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге тұрғын үй сертификаттары арқылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетіледі. Көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, жетім балалар, бюджеттік сала қызметкерлері және басқа да азаматтар үшін бұл қолдау баспана алу кезінде бастапқы жарна жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, Шымкенттің тұрғын үй саясаты тек жаңа пәтер санын арттырумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – тұрғындардың тұрғын үй жағдайын жақсарту, әлеуметтік қолдауды күшейту және баспаналы болуға нақты мүмкіндік беретін тетіктерді дамыту. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталатын болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You