Брифинг: Шымкентте тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізіледі

Loading

Шымкентте тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, көпқабатты тұрғын үйлердің техникалық жағдайын жақсарту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шымкент қаласы аумағында тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Төлебаев кеңірек тоқталды.

Бүгінде тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстарын үйлестіруде «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС маңызды рөл атқарады. Қаладағы көпқабатты үйлерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олардың ортақ мүлік нысандарының техникалық жай-күйін жақсартуға басымдық берілуде. Жаңғырту шаралары тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, тұрғын үйлердің пайдалану мерзімін ұзартуға және қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Көпқабатты үйлердегі лифт шаруашылығын жаңарту да назардан тыс қалмайды. Тозығы жеткен жабдықтар кезең-кезеңімен жаңартылып, бірқатар нысанда жаңа лифттер пайдалануға берілуде. Бұл әсіресе тұрғындардың күнделікті қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз етуде маңызды. Жауапты мамандар лифт, эскалатор және басқа да техникалық құрылғылардың қауіпсіз пайдаланылуын тұрақты бақылауда ұстайды.

Тұрғын үй қорын тиімді басқару мәселесіне де ерекше мән берілуде. Қаладағы мыңдаған көпқабатты тұрғын үйді басқару жүйесін жетілдіру мақсатында мүлік иелерінің бірлестіктері мен тікелей бірлесіп басқару нысандары кезең-кезеңімен қалыптастырылып келеді. Сонымен қатар кәсіби басқару тетіктерін енгізу тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық және сервистік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.

Жалға берілетін тұрғын үйлердің тиімді әрі мақсатты пайдаланылуы да тұрақты мониторингтен өтуде. Тұрғын үй қорының сақталуы, оның белгіленген мақсатта қолданылуы және нысандардың тиісті деңгейде күтіп ұсталуына жауапты құрылымдар тарапынан бақылау жүргізіледі.

Қауіпсіздік мәселесінде газ шаруашылығы — ерекше назарда. Тұрғын үйлерде газ жабдықтарын дұрыс пайдалану, техникалық талаптарды сақтау және тұрмыстық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде жыл бойы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады. Мамандар тұрғындарға газ құралдарын пайдалану кезінде сақтық шараларын сақтау, ақауларды өз бетінше жөндемеу және тиісті қызметтерге уақытылы жүгіну қажеттігін түсіндіреді.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – қаланың тұрақты дамуының маңызды құрамдас бөлігі. Сондықтан Шымкентте тұрғын үй қорын жаңарту, басқару сапасын арттыру және инженерлік жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі мақсат – қала тұрғындары үшін жайлы, қауіпсіз әрі заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыру.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You