![]()
Шымкентте 10 тамыз – Абай күніне орай ұлы ақынның рухани мұрасын ұлықтаған мазмұнды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Қала әкімдігі қолдауымен өткен шаралар хакім Абайдың тағылымын дәріптеп қана қоймай, оның шығармаларын өнер арқылы кеңінен насихаттауға бағытталды.
Абай саябағында ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Оған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Салтанатты шарада Абай мұрасының қазақ руханиятындағы айрықша орны, ақын шығармаларындағы білім, ғылым, еңбек, адамгершілік пен елдік идеялардың мәні кеңінен сөз болды.
Сәрсен Құранбек хакімнің мұрасы уақыт өткен сайын құндылығы арта түсетінін атап өтті. Абайдың өз дәуірінің күрделі мәселелерін қозғай отырып, кейінгі ұрпақты да білімге, ғылымға, адал еңбекке және адамдық биіктікке үндегені айтылды. Ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі терең ойлар бүгінгі қоғам үшін де маңызын жойған жоқ. Сондықтан Абайды ұлықтау – оның есімін құрметтеумен ғана шектелмей, аманат еткен асыл құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру.
Мерекелік шара «Хәкім Абай» музейінде жалғасты. Мұнда «Абай әлемі» ашық есік күні ұйымдастырылып, келушілер ақынның өмірі мен шығармашылық жолына қатысты құнды жәдігерлермен танысты. «Абайдың асыл мұрасы», «Көркем әлемдегі Абай», «Абайды оқы, таңырқа!» атты көрмелерде ұлы ойшылдың әдеби және рухани мұрасы кеңінен таныстырылды.
Абай күнінің айрықша көрінісі – қала көшелерін әуезді әнге бөлеген музыкалық шеру болды. Шымкенттің әр түкпірінде 100-ге жуық өнерпаз хакімнің әндерін орындап, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Әуежай, «Дала мол», Теміржол вокзалы, «Жапон» саябағы, «Плаза» және «Сити мол» сынды көпшілік орындарда «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» секілді Абай әндері шырқалды.
Әуезді ән мен тағылымды сөз тоғысқан бұл шаралар Шымкентте Абай мұрасын дәріптеудің мазмұны жыл сайын жаңарып келе жатқанын көрсетті. Қала тұрғындары мен қонақтары ұлы ақынның шығармашылығын жаңа қырынан танып, ұлттық өнердің нәрлі бастауынан сусындады. Хакімнің «адам бол» деген ұстанымын арқау еткен мәдени бастамалар ұлттық руханиятты жаңғыртып, ұлы ақынның өшпес мұрасын кейінгі буынға жеткізуге қызмет етті. Абайдың асыл сөзі мен әуезді әні қала кеңістігіне ерекше рух беріп, мерекенің мазмұнын тереңдете түсті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
