Шымкентте Абай әлеміне арналған мерекелік концерт өтті

Loading

Шымкентте 10 тамыз – Абай күніне орай ұлы ақынның рухани мұрасын ұлықтауға арналған мәдени шаралар жалғасын тапты. Соның бірі – Шымсити саябағында өткен «Адамзаттың перзенті – Ұлы Абай» атты мерекелік концерт. Әдебиет пен әуезді ән тоғысқан кеш қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, хакімнің шығармашылық әлеміне тағы бір мәрте үңілуге мүмкіндік берді.

Мәдени кештің негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау, оның поэзиясы мен әндерінің рухани мәнін кейінгі буынға жеткізу, қала тұрғындарының көркем әдебиетке, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар театр мен музыка өнерінің мүмкіндігін пайдалана отырып, ұлы ақын мұрасын көпшілікке жақындату көзделді.

Концерттік бағдарлама барысында Шымкенттің өнер ұжымдары мен танымал орындаушылары Абайдың ел жүрегінен орын алған әндерін орындады. Кештің шымылдығын Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әртістерінің орындауындағы «Абай ауылы» прологы ашты. Театр сахнасының көркемдік шешімі ақын өмір сүрген дәуірдің тынысын сезіндіріп, көрерменді Абай әлеміне жетеледі.

Мерекелік бағдарлама «Шымкент концерт» концерттік ұйымы мен Шымкент қалалық опера және балет театры өнерпаздарының орындауындағы шығармалармен жалғасты. Кеште Латиф Хамиди мен Ахмет Жұбановтың «Абай» операсынан «Тойбастар», хор орындауындағы «Қарлығаш» әні шырқалды. Сонымен қатар Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» сынды халық арасында кең тараған әндері орындалып, кештің мазмұнын аша түсті.

Өнерпаздардың жанды орындауындағы әуезді әндер мен сахналық қойылымдар көрерменге ерекше әсер сыйлады. Кеш барысында Абайдың қара сөздері мен поэзиясындағы терең ойлар да назардан тыс қалмай, ұлы ойшылдың адамгершілік, білім, еңбек және елдік туралы тағылымдары кеңінен дәріптелді.

Абай мұрасы – бір кезеңмен шектелмейтін, уақыт өткен сайын маңызы арта түсетін рухани қазына. Шымкентте Абай күніне орай ұйымдастырылған осындай мазмұнды шаралар ұлы ақынның шығармашылығын халыққа кеңінен танытып қана қоймай, ұлттық өнер мен әдебиеттің сабақтастығын нығайтуға жол ашып отыр. Әсем ән мен тағылымды сөзге ұласқан концерт хакім мұрасының халық жүрегінде мәңгі жасай беретінін тағы бір мәрте аңғартты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You