Шымкент қаласының әкімі тұрғын үй, білім беру және жол инфрақұрылымы нысандарын аралады

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті жұмыс сапары барысында тұрғын үй, білім беру және жол инфрақұрылымына қатысты бірқатар нысанды аралап, олардың құрылыс және дайындық барысын тексерді. Қала тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін жобалардың уақытында әрі сапалы жүзеге асырылуына ерекше назар аударылды.

Аралау барысында Бозарық шағынауданындағы жаңа көпқабатты үйлерден 40 отбасыға сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтерлердің кілті табысталды. Қоныс тойын атап өткендердің қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Жаңа тұрғын үйлер инженерлік желілерге қосылып, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Бағдарлама қатысушыларына пәтерлерді кейіннен сатып алу мүмкіндігі де қарастырылған.

Қала басшысы Тіленшин көшесіндегі автожол өткелінің құрылысын да тексерді. Мұнда негізгі құрылымдарды салу жұмыстары аяқталып, қазір іргелес жол инфрақұрылымын абаттандыру жүргізілуде. Мердігер ұйымға құрылыс қарқынын арттырып, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырылды.

Білім беру саласындағы нысандардың әзірлігі де назардан тыс қалмады. Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде студенттер жатақханасының жағдайы қаралды. Қазір оқу орнында 8,5 мыңға жуық студент білім алады. 500 орынға арналған №1 Студенттер үйі қажетті жиһаздармен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жауапты тұлғаларға жатақхананың материалдық-техникалық жағдайын және студенттерге жасалған мүмкіндіктерді тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

Жайлау шағынауданындағы №16 жалпы білім беретін мектепке арналған қосымша ғимарат құрылысының аяқталу барысы да тексерілді. 575 оқушыға арналған нысанда заманауи оқу кабинеттері, STEM-зертханалары, компьютер және тіл кабинеттері, спорт және хореография залдары, акт залы, асхана мен басқа да қажетті бөлмелер қарастырылған. Жаңа ғимарат мектептің оқушы сыйымдылығын арттырып, білім алушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Құрылыс басқармасына нысанды жаңа оқу жылына толық дайындау міндеттелді.

Жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар Қазығұрт шағынауданындағы Бөгенбай батыр көшесінде де жалғасуда. Мұнда жол төсеу жұмыстарының сапасы тексеріліп, мердігер ұйымға асфальт жабынын төсеу технологиясын қатаң сақтап, белгіленген талаптарды орындау тапсырылды.

Сонымен қатар Шұбаркөл көшесіндегі құрылыс учаскесінде Қазиев көшесімен қиылыста салынып жатқан айналма жолдың құрылысы қаралды. Мердігерге асфальт төсеу жұмыстарын сапалы ұйымдастырып, жол маңындағы аумақты абаттандыруды толық аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Жалпы, жұмыс сапары барысында әлеуметтік маңызы жоғары нысандардың сапасы, құрылыс мерзімі және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігіне басымдық берілді. Бұл жобалардың жүйелі жүзеге асуы Шымкенттегі тұрғын үй жағдайын жақсартуға, білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге және қаланың көлік қатынасын жетілдіруге бағытталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You