![]()
Шымкент қаласында шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелер қаралып, бірқатар нақты шешім қабылданды. Қала мәслихатының кезектен тыс XXXVIII сессиясына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия ашық форматта өтіп, онлайн-трансляция ұйымдастырылды.
Күн тәртібіне енгізілген алты мәселенің ішінде қаланың 2026–2028 жылдарға арналған бюджетін нақтылау ерекше маңызға ие болды. Қабылданған өзгерістер нәтижесінде қала бюджеті 868 миллиард теңгеден 893 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл әлеуметтік маңызы бар бағыттарды қаржыландыруға, қаланың инфрақұрылымын дамытуға және жоспарланған жобаларды толыққанды іске асыруға қосымша мүмкіндік береді.
Сондай-ақ толық аяқталып, пайдалануға берілетін құрылыс нысандарының тізбесі бекітілді. Құжат жобалау жұмыстарынан бастап нысандарды қолданысқа енгізуге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Бұдан бөлек жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлеріне ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендірілді.
Сессия барысында «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағын беру қағидалары бекітіліп, мәслихат аппараты туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар қала әкімдігі жанындағы халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің құрамы бекітілді. Күн тәртібіндегі барлық мәселе бұған дейін тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында егжей-тегжейлі қаралып, депутаттардың ұсыныстары мен ескертулері ескерілді.
Сессия аясында Қазақстан Республикасы Парламентінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар да табысталды. Қала әкімі Мемлекет басшысының атынан Шымкенттен сайланып, Парламенттің әр шақырылымында депутат болған Парламент депутаттарына, қалалық мәслихат депутаттарына және қазақстандық парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан мемлекеттік қызметшілерге жоғары награданы тапсырды.
Мерейтойлық медаль – ел игілігі жолында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, мемлекеттік институттарды нығайтуға және заңнамалық жүйені жетілдіруге үлес қосқан азаматтарға көрсетілген құрметтің белгісі. Марапат иелерін құттықтаған Ғабит Сыздықбеков олардың мол тәжірибесі мен кәсіби білімі алдағы уақытта да ел мүддесіне қызмет ететініне сенім білдірді.
Сессия қорытындысында қала әкімі депутаттарға сындарлы қолдауы мен нәтижелі өзара іс-қимылы үшін алғыс айтып, Шымкенттің орнықты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастырудың маңызын атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
