![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполисті аралау барысында коммуналдық қызметтердің жұмысы, жол инфрақұрылымын дамыту және электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың барысын тексерді.
Алдымен қала басшысы «Абай» коммуналдық кәсіпорнына барып, мекеменің жұмыс ұйымдастыру жүйесі мен материалдық-техникалық базасымен танысты. Аумағы 20 мың шаршы метрді құрайтын кәсіпорында 900-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Арнайы техниканың саны – 180 бірлік. Аралау кезінде ресурстарды тиімді пайдалану, техникаларды тиісті жағдайда ұстау және коммуналдық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту жөнінде аудан әкіміне тапсырма берілді.
Қаладағы көлік қозғалысын жақсартуға бағытталған жобалардың барысы да назарға алынды. Қазиев көшесін ұзарту, Т. Рысқұлов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында оң жақ бұрылыс жолын салу жұмыстары тексерілді. Сонымен бірге Абай даңғылы мен Құрманбеков көшесінің, Ш. Қалдаяқов көшесі мен Республика даңғылының қиылыстарындағы қосымша жолақтардың құрылысы қаралды. Жол учаскелерін кеңейту көлік ағындарын тиімді бөліп, көшелерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек қала басшысы Шымкентті электр энергиясымен қамтамасыз ететін маңызды нысандардың бірі – 220/110/35 кВ «Қазығұрт» қосалқы станциясының жұмысын тексерді. Жуырда болған апатты ажыратуға байланысты жағдай қаралып, оның себептері талқыланды. «KEGOC» АҚ-қа тиесілі 110 кВ желісіндегі автоматика іске қосылып, нәтижесінде төрт әуе электр беру желісі ажыратылған. Бұл жағдай қаланың орталық және оңтүстік-батыс бөліктеріне әсер етті. Қазіргі уақытта электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді.
Сондай-ақ «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС диспетчерлік қызметінің жұмысы қаралды. Мамандардың айтуынша, аптап ыстыққа байланысты электр энергиясын тұтыну көлемі артып, желілерге түсетін жүктеме жоғарылаған. Осыған байланысты желілердің жағдайы тұрақты бақылауда ұсталып, жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізілуде.
Қала басшысы жауапты қызметтердің үйлесімді жұмыс істеуі мен штаттан тыс жағдайларға жедел әрекет етудің маңызын атап өтті.
Аралау соңында бұрынғы «Қиял әлемі» саябағының орнында салынған «City Park» саябағына барып, аумақты күтіп-ұстау және инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
