![]()
Шымкентте тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Таза қала» қалалық экологиялық акция-конкурсы басталды. Жоба Шымкент қаласының Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Шымкент қаласының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасындағы қоғамдық-саяси ахуал және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүргізу бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ербол Нұрғалиұлы Әскер мен Шымкент қаласының Азаматтық альянсы» қауымдастығының төрағасы Қайрат Әліханұлы Битасов жан-жақты мағлұмат берді.
Маусымнан желтоқсанға дейін жалғасатын акция қаланың барлық бес ауданын қамтиды. Байқау аудандық және қалалық кезеңдерден тұрады. Алғашқы кезеңде «Үздік аула», «Үздік көше» және «Үздік көпқабатты тұрғын үй» номинациялары бойынша үздіктер анықталады. Әр ауданда аталған үш номинацияның жеңімпаздарына 300 мың теңгеден ақшалай сыйақы табысталады.
Аудандық кезеңде топ жарғандар қалалық деңгейде бақ сынайды. Мұнда «Үздік аула сыпырушысы», «Үздік аула», «Үздік көше» және «Үздік көпқабатты тұрғын үй» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталады. Қалалық кезеңде бірінші орын иегеріне 500 мың, екінші орынға 250 мың, үшінші орынға 125 мың теңге көлемінде сыйақы қарастырылған.
Жобаның басты ерекшелігі – жүлде қорының тек марапат ретінде берілмей, жеңімпаз аумақтарды одан әрі көркейтуге жұмсалуы. Қаражат көгалдандыруға, гүлзарлар жасауға, қоқыс жәшіктерін орнатуға және басқа да экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға бағытталады. Осы арқылы байқау тазалықты бір реттік шара емес, тұрақты әдетке айналдыруды көздейді.
Акцияның ашықтығын қамтамасыз ету үшін арнайы комиссия мен аудандық жұмыс топтары құрылып, аумақтардағы жұмыстарға мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қолға алынады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тақырыптық материалдар мен бейнероликтер жарияланып, қаладағы LED-экрандарда әлеуметтік жарнамалар көрсетіледі.
«Таза қала» акциясы тұрғындарды өз ауласы мен көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарауға ғана емес, қаланың ортақ келбетіне үлес қосуға үндейді. Экологиялық бастама қоғамдық белсенділікті арттырып, Шымкентте таза, жайлы әрі жасыл ортаны қалыптастыруға бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
