Шымкент: Қаратау ауданында ауыз сумен қамту 99 пайызға жетіп, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып келеді

Loading

Шымкент қаласының Қаратау ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте аудан әкімі Алмас Емелтайұлы мәлімдеді.

Аумағы 19,5 мың гектарды құрайтын Қаратау ауданында 340 мыңнан астам тұрғын тұрады. Мұнда 19 елді мекен, 896 көше, 32 мыңнан астам жеке тұрғын үй және 668 көпқабатты үй орналасқан. Ауданның негізгі даму басымдықтарының бірі – инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, жолдарды жақсарту, елді мекендерді абаттандыру және көше жарығын дамыту.

Бүгінде ауданда ауыз сумен қамту деңгейі 99 пайызға жетті. Достық тұрғын алабындағы «Теміржолсу Арыс» ЖШС-не тиесілі ауыз су жүйелері мемлекет меншігіне қабылданды. Шапырашты тұрғын алабындағы жүйелерді коммуналдық меншікке өткізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Таскен, Сайрам тұрғын алаптары мен Гидрогеолог шағынауданының жаңа құрылыс аумақтарын мемлекеттік ауыз су жүйесіне қосу бойынша жобалау жұмыстары қолға алынған. Бұл шаралар ауыз су инфрақұрылымын толық қамтуға мүмкіндік береді.

Электрмен қамту көрсеткіші де 99 пайызды құрайды. Сайрам тұрғын алабындағы тозған желілер жаңартылуда. Мәртөбе мен Сайрамда 12,3 шақырым электр желісін ауыстырып, 7 трансформатор орнату жоспарланған. Қазірдің өзінде 9 шақырым желі жаңартылып, 6 трансформатор орнатылды.

Жалпы, Қаратау ауданындағы жұмыстардың негізгі өзегі – тұрғындарды сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтып, жаңа құрылыс аумақтарының жүйелі дамуына жағдай жасау. Ауыз су мен электр желілерін жаңғырту, жол және абаттандыру жобаларын іске асыру ауданның әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You