Шымкент: Тұран ауданында тұрғын үйлерді ауыз су жүйесіне абоненттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Loading

Шымкент қаласының Тұран ауданында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Негізгі басымдық – елді мекендерді инженерлік желілермен қамту, жол сапасын жақсарту және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте аудан әкімі Біржан Әзімбердиев мәлімдеді.

Аумағы 36 300 гектарды құрайтын Тұран ауданында 22 шағынаудан бар, халық саны 232 708 адамға жетеді. Бүгінде тұрғындарды ауыз сумен және электр энергиясымен қамту деңгейі 100 пайызды құрайды. Құрсай шағынауданында тұрғын үйлерді ауыз су жүйесіне абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Электр желілерін жаңғырту аясында 8 жиынтық трансформаторлық станция ауыстырылып, тағы 2 жаңа КТПН орнату жоспарланған.

Табиғи газбен қамту көрсеткіші 85,7 пайызға жетті. Құрсай мен Жаңаталаптағы жаңа құрылыс аумақтарын газдандыру 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Ал Айкөл шағынауданын газбен қамту жобасы 2027 жылы жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар жаңа аумақтардың жүйелі дамуына және инженерлік инфрақұрылымның біртұтас желісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі – жол инфрақұрылымының сапасы. Тұранда 1 229 көше бар, олардың жалпы ұзындығы 570,4 шақырымды құрайды. 2025 жылы 251 көшеге, яғни 112,3 шақырым жолға асфальт төселіп, жоспар толық орындалған. Биыл тағы 81 көшедегі 48,05 шақырым жолды жаңарту көзделіп отыр.

Жол сапасымен қатар, жауын-шашын кезінде су жиналатын аумақтардағы мәселелерді шешуге де назар аударылған. Қазіргі таңда 203 көшеде жалпы ұзындығы 134,5 шақырым ирригация жүйесі бар. Биыл тағы 41 көшеге 22,314 шақырым ирригация желісін жүргізу жоспарланған.

Тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасау үшін жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы да кеңейтілуде. Бүгінде 597 көшеде 338,2 шақырым аяқжол салынған. 2026 жылы тағы 26 көшеге 24,9 шақырым тротуар төсеу жоспарланған.

Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. 2025 жылы 375 көше жарықтандырылып, жоспар толық орындалған. Биыл 15 ішкі орам көше мен 10 аяқжолды жарықтандыру көзделген.

Жалпы, Тұран ауданындағы жұмыстардың өзегі – инженерлік инфрақұрылымды толықтырып, жол сапасын арттыру арқылы тұрғындар үшін жайлы, қауіпсіз және заманауи қалалық орта қалыптастыру.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You