Шымкентте су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары күшейтілді

Loading

Шымкентте энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Үкімет қаулысымен бекітілген жоба жылу, электр, ауыз су және су бұру жүйелерін жаңартуды көздейді. Оның басты мақсаты – тозған желілерді кезең-кезеңімен жаңғыртып, заманауи технологияларды енгізу, ресурстарды есепке алуды автоматтандыру және инженерлік жүйелерді қашықтан бақылау мүмкіндігін кеңейту.

Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мәліметінше, табиғи монополия субъектілері тиісті жобаларды кезең-кезеңімен іске асырып жатыр. Соның ішінде су ресурстарын тиімді басқару және сумен жабдықтау тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды бағыттардың біріне айналған.

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС 2029 жылға дейін сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне шамамен 73 миллиард теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Жоба аясында 44 шақырым ауыз су желісі мен 18,2 шақырым су бұру желісі жаңғыртылады. Сонымен бірге 150 мың тұрғынның есептеу құрылғыларын ақпаратты қашықтан беретін заманауи жүйеге ауыстыру көзделген. Бұл су тұтынуды нақты бақылауға, шығындарды азайтуға және ресурсты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Электр энергетикасы саласында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС 2029 жылға дейін 48 миллиард теңге инвестиция бағыттап, 239 шақырым электр желісін жаңғыртуды, 117 трансформаторлық қондырғыны ауыстыруды және 197 мың автоматтандырылған есепке алу жүйесін енгізуді жоспарлаған. Ұлттық жоба аясында 2025 жылы 14 шақырым желі жаңғыртылды. Қазіргі кезеңдегі құны 10 миллиард теңгелік жоба бойынша 59,2 шақырым желіні қайта құру, 19 трансформаторды ауыстыру және 49 мың АСКУЭ орнату қарастырылған.

Жылу жүйесінде «Қуатжылуорталық-3» мекемесі құны 5,8 миллиард теңге болатын жоба арқылы 6 учаскедегі 11 шақырым магистральдық желіні жаңғыртады. Биыл шамамен 1 шақырым желіні ауыстыру жоспарланған.

Жалпы, ұлттық жоба Шымкенттің инженерлік инфрақұрылымын жаңартып қана қоймай, су, электр және жылу ресурстарын тиімді басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You