![]()
Шымкентте қоршаған ортаның тазалығын сақтау және санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында рұқсатсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағытта аудан әкімдіктері мен Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті бірлесіп, заңсыз қоқыс үйінділерін анықтап, оларды жою шараларын қолға алған.
Кезекті жұмыс Еңбекші ауданындағы Жұлдыз елді мекенінің сыртында жүргізілді. Мұндағы қоқыс үйіндісін тазарту үшін коммуналдық мекеме қызметкерлерімен қатар арнайы техника жұмылдырылды. Жұмыс көлемінің ауқымды болуына байланысты онға жуық техника – экскаватор-тиегіштер, «Hovo» маркалы ауыр жүк көліктері және шаң-тозаңды басуға арналған су себетін көлік тартылды.
Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің мәліметінше, жүргізілген мониторинг пен рейдтік іс-шаралар нәтижесінде Шымкент аумағында 20 рұқсатсыз қоқыс орны анықталған. Оның 5-еуі Абай ауданында, 2-еуі Әл-Фараби ауданында, 11-і Еңбекші ауданында және 2-еуі Тұран ауданында орналасқан.
Экология департаменті басшысының орынбасары Дүйсен Құлтилеуовтің айтуынша, анықталған заңсыз қоқыс орындарының барлығы сәуір-мамыр айларында жойылып, аумақтарға санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілген. Бұл ретте Жұлдыз елді мекені сыртындағы үйіндіні тазарту кезінде ауыр жүк көліктері 20-дан астам рейс жасап, коммуналдық мекеменің 20-ға жуық қызметкері еңбек етті.
Мамандардың айтуынша, рұқсатсыз қоқыс орындарын жоюмен қатар, олардың қайта пайда болуына жол бермеу де маңызды. Осыған байланысты қала аумағында бақылау және түсіндіру жұмыстары жалғасып, тұрғындарды тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастамауға шақыруға басымдық берілуде. Қаланың экологиялық тазалығы – тек коммуналдық қызметтердің емес, әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
