Экожүйе: Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы аясында абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді

Loading

Шымкент қаласында экологиялық ахуалды жақсарту, жасыл желек көлемін арттыру және тұрғындарға қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Бақытқалиұлы теріңірек айтты.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қала аумағын көгалдандыруға ерекше басымдық берілуде. Биыл магистралдық көшелерге 1,6 миллион біржылдық қызғалдақ және 1,6 миллион көпжылдық гүл отырғызылды. Сонымен қатар, жалпы аумағы 48 мың шаршы метр болатын гүлзарлар жасақталып, оларға сәндік бұталар мен түрлі гүлдер егілді. Қаланың негізгі көшелері мен қоғамдық кеңістіктеріндегі бұл жұмыстар шаһардың сәулеттік келбетін жақсартып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Жасыл желекті күтіп-баптауда суды үнемді пайдалану мәселесіне де мән берілген. Қала аумағында 73 шақырым тамшылатып суару және 30 шақырым автоматты суару жүйесі орнатылды. Ал тік көгалдандыру аясында 10 көше мен жолайрыққа 1 782 гүлді вазон қойылды.

Қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Шымкент қаласының күніне орай қайта жаңғыртылған «Жапон» және «City Park» саябақтары тұрғындар игілігіне берілді. Бұрынғы «Кең баба» саябағы аумағындағы мемлекет мұқтаждығына қайтарылған 2,34 гектар жерге сакура аллеялары, бамбук тоғайлары, сәндік тоғандар мен демалыс орындары бар «Жапон» саябағы қалыптасты. Ал бұрынғы «Қиял әлемі» саябағының аумағында заңсыз құрылыстар алынып, «City Park» жаңғыртылды. Мұнда субұрқақ, су аллеясы, жасанды көл, амфитеатр, спорт және балалар ойын алаңдары, серуендеу жолдары мен мұз айдыны қарастырылған. Екі жоба бойынша жалпы 7,2 гектардан астам аумақта заманауи қоғамдық кеңістік құрылды.

Экологиялық бастамалардың тағы бір маңызды жобасы – бұрынғы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының орнында бой көтерген «Экопарк». Демеушілер қаражаты есебінен 45 гектар аумақта абаттандырылған жаңа демалыс орны қалыптасты. Мұнда жасанды су айдыны, жаяу жүргіншілер жолдары, шолу алаңдары мен жарықтандыру жүйесі жасалып, 5 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды.

Осылайша, Шымкентте экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, қаланың жасыл қорын ұлғайту және тұрғындар үшін жайлы қоғамдық кеңістіктер санын арттыру жұмыстары қатар жүргізілуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You