![]()
Түркістан қаласы тарихи-мәдени мұрасы мен заманауи туристік инфрақұрылымын ұштастыра отырып, еліміздегі тартымды туристік бағыттардың біріне айналып келеді. Көне шаһардың тарихи нысандары, мәдени-рухани орталығы, жаңа туристік кешендері мен табиғи бағыттарға жақындығы ішкі және шетелдік туристер ағынын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді экономиканың маңызды бағыттарының бірі ретінде дамытып, өңірлердің туристік әлеуетін тиімді пайдалануды міндеттеген. Осыған сәйкес Түркістан қаласында туризм инфрақұрылымын дамыту, тарихи орындарды абаттандыру және туристерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Тарихи мұра – Түркістан туризмінің басты артықшылығы
Қаланың туристік әлеуетінің негізін оның ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-мәдени мұрасы құрайды. Түркістанның рухани келбетін айқындайтын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Күлтөбе қалашығы және басқа да тарихи нысандар — туристер үшін маңызды бағыттардың қатарында.
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша Түркістан облысындағы тарихи-мәдени орындарға 575 мың адам саяхаттаған. Бұл көрсеткіш киелі шаһардың өңірдегі туристік қозғалыстың негізгі орталықтарының бірі екенін аңғартады.
Туристік маршруттарды көбейтіп, қалаға келушілер санын арттыру мақсатында Түркістанның мәдени-рухани орталығында Күлтөбе қалашығын абаттандыру жобасы жүзеге асырылуда. Тарихи аумақтың туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған бұл жоба қаланың көне тарихын заманауи туристік форматта танытуға мүмкіндік береді.
Қалада жаңа туристік нысандардың құрылысы да жалғасуда. Жалпы көлемі 12 гектар, құны 10 миллиард теңгені құрайтын ірі аквапарк кешені салынуда. Сонымен бірге Түркістанда «Yassy Hall Apartments» қонақ үй кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұндай нысандар туристерге көрсетілетін қызмет түрлерін көбейтіп, қаладағы туристік инфрақұрылымның әлеуетін кеңейте түседі.
Туристік қызмет сапасына жаңа талап қойылды
Туризмнің қарқынды дамуы қызмет көрсету сапасына да жаңа талаптар жүктейді. Осыған байланысты 2026 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстанда гидтер, экскурсия жүргізушілер және туризм нұсқаушыларының қызметіне қатысты жаңа қағидалар күшіне енді.
Енді аталған мамандар қызметін бастау туралы хабарлама беріп, мемлекеттік электрондық тізілімге енгізілуі қажет. Туристік қызмет туристпен жасалған шарт негізінде көрсетіледі. Сонымен қатар туристерге маршрут пен қауіпсіздік шаралары туралы толық ақпарат берілуі тиіс. Ал қауіпті бағыттарда туристің жазбаша келісімін алу талап етіледі.
Бұл талаптар тарихи және мәдени нысандары мол Түркістан қаласында туристерге көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Туристік ағын артып келеді
Түркістан қаласының туристік әлеуеті облыстағы жалпы туристік көрсеткіштердің өсуімен де тығыз байланысты. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында облыстағы орналастыру орындарында 87,1 мың адам демалған. Оның ішінде 84 931-і отандық турист болса, 2 148-і шетелдік қонақтар. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға жоғары.
Осы кезеңде орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 2,2 миллиард теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 46,6 пайызға өскен.
Өңірдің туристік әлеуетін дамытуға салынған инвестиция көлемі де артып отыр. 2026 жылдың алғашқы алты айында туризм саласына 65,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ал 2025 жылы облыста жалпы құны 17 миллиард теңгені құрайтын 24 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылған.
Биыл Кентау қаласына қарасты Хантағы елді мекенінде құны 1 миллиард теңге болатын «Khantau» демалыс аймағының құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Табиғи туризмнің де мүмкіндігі мол
Түркістан облысының туристік әлеуетін тарихи орындармен қатар табиғи нысандар да толықтырады. 2026 жылдың алғашқы алты айында өңірдегі табиғи орындарға 60,1 мың адам барған.
Облыс аумағында 1792 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі халықаралық маңызы бар нысан болса, 41 ескерткіш республикалық және 403 нысан жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұра қатарына жатады.
Табиғи туризмді дамытуға мүмкіндік беретін ерекше қорғалатын аумақтар қатарында ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіліміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі бар.
Өңірде туристерді қабылдайтын инфрақұрылым да қалыптасып келеді. Табиғи аумақтарда және оларға іргелес Төлеби мен Түлкібас аудандарында 99 демалыс орны, 62 қонақ үй, 12 шипажай, 6 киіз үй және 1 аңшылар үйі орналасқан. Бұл Түркістанды тек тарихи-рухани туризмнің емес, мәдени, экологиялық және отбасылық демалыстың да маңызды орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.
Алдағы кезеңде Түркістан қаласының тарихи мұрасын тиімді пайдалану, жаңа туристік нысандарды іске қосу, қызмет көрсету сапасын арттыру және туристік маршруттарды кеңейту қала туризмінің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі күшейтпек.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
