Түркістанда тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіледі

Loading

Түркістан қаласында қоршаған ортаның тазалығын сақтау, қоғамдық орындарды абаттандыру және тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасуда. Бұл ретте қала аумағындағы аулалар мен әлеуметтік нысандардың айналасын тазалауға, сондай-ақ қоғамдық көлік аялдамаларының санитарлық жағдайын жақсартуға басымдық берілуде.

Жуырда Шауғар секторына қарасты М. Әбенова атындағы мектеп аумағында сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстарына сектор қызметкерлері, мектеп ұжымы және тұрғындар қатысып, білім ордасының аумағы мен оған іргелес жерлерді қоқыстан тазалап, ауланы ретке келтірді. Іс-шара барысында қоғамдық орындардың тазалығын сақтау мен тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де назар аударылды.

Мұндай жұмыстар қаланың басқа аумақтарында да жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, қоғамдық көлік аялдамаларының санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында күнделікті тазалық жұмыстары атқарылып келеді. Қаладағы аялдама павильондары мен орындықтар жуылып, айналар және өзге де құрылымдық элементтер тазартылуда. Тозған немесе бүлінген бөліктері қалпына келтіріліп, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда Түркістанда 438 қоғамдық көлік аялдамасы қызмет көрсетеді. Соңғы үш жылда әкімдіктің қолдауымен 374 жаңа үлгідегі аялдама орнатылған. Алдағы кезеңде тағы 100 аялдаманы жаңғырту және орнату жоспарланып отыр.

“Қала тазалығы тек арнайы қызметтердің емес, барша тұрғынның ортақ жауапкершілігін талап етеді. Осыған орай, сенбіліктер өткізу, қоғамдық орындарды күтіп ұстау және инфрақұрылым нысандарын таза әрі ұқыпты пайдалану жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады”, — дейді жауаптылар.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You