![]()
Түркістанда қоршаған ортаны қорғау, қала тазалығын сақтау және тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару бағытындағы жұмыстар жаңа мазмұнмен жалғасуда. Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту үшін санитарлық тазалықпен қатар қоқысты сұрыптау, қайта өңдеуге жарамды шикізатты өндірістік айналымға енгізу және қалдық көлемін азайтуға бағытталған жобаларға басымдық беріліп келеді.
Осы бағытта Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына барып, инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында полигонды дамыту және қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу жүйесін енгізу жобасы таныстырылды.
Қалдықты шикізатқа айналдыратын жоба
Жоба аясында «Turan Tazalyq» ЖШС 17 гектар аумақта заманауи сұрыптау және қайта өңдеу кешенін іске қосуды жоспарлап отыр. Мұнда арнайы технологиялық желілер арқылы пластик, қағаз, картон, металл және басқа да қайта өңдеуге жарамды қалдықтар сұрыпталып, одан әрі өңдеуге жіберілмек.
Жобаның басты мақсаты – полигонға түсетін қалдық көлемін азайтып қана қоймай, қайта өңделетін шикізаттың үлесін арттыру. Бұл өз кезегінде табиғи ортаға түсетін кері әсерді төмендетіп, қалада қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қала басшысы жобаны іске асыру барысында экологиялық талаптардың қатаң сақталуы қажет екенін атап өтті.
«Түркістан – таза әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз қала болуы керек. Сондықтан қалдықтарды басқаруда заманауи технологияларды енгізіп, қайта өңдеу үлесін арттырумен қатар, барлық мәселені жан-жақты ескеру аса маңызды. Жоба экологиялық талаптарға толық сәйкес жүзеге асырылуы тиіс», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Тазалық – күнделікті жұмыстың өзегі
Қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырумен бірге қала аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Коммуналдық қызметтер көшелерді санатына қарай бекітілген кесте бойынша тазалайды. Басты көшелер күн сайын ретке келтірілсе, екінші санаттағы көшелер аптасына үш рет, ал шеткі, яғни үшінші санаттағы көшелер аптасына бір рет тазаланады.
Арнайы бригадалар өздеріне бекітілген аумақтарда қоқыстарды уақытылы шығарып, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалайды. Сонымен қатар жасыл желектер мен газондар күтіп-бапталып, уақытылы қырқылады. Мұндай жұмыстар қаланың санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, оның сәулеттік келбетін сақтауға бағытталған.
Мәселен, Жангелдин көшесінде жүргізілген кешенді тазалық барысында көше бойы мен жаяу жүргіншілер жолдары тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, жол жиектеріндегі арамшөптер мен қажетсіз өсімдіктер шабылып, аумақ ретке келтірілді.
Экологиялық мәдениет пен абаттандыру қатар жүреді
Қаладағы тазалық жұмыстары қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау ісімен де сабақтасып жатыр. Соның бірі – тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып келе жатқан «Жастар» саябағы. Мұнда ботаникалық бақ орналасып, пальма ағаштары өсірілуде.
Саябақ құрылысы 2022 жылы басталып, 2024 жылғы 12 желтоқсанда пайдалануға берілген. Биіктігі 11 метрге жететін сәулеттік элементтерімен ерекшеленетін нысан бүгінде Түркістанның заманауи келбетін толықтыратын қоғамдық кеңістіктердің біріне айналды.
Қала әкімдігі үшін бұл бағыттағы міндет тек көшелерді тазалаумен шектелмейді. Қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу жүйесін қалыптастыру, санитарлық тазалықты тұрақты қамтамасыз ету, жасыл желектерді күтіп-баптау және қоғамдық орындардың көркін сақтау – бір-бірімен тығыз байланысты кешенді жұмыстың құрамдас бөліктері.
Осы ретте қаланың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты – заманауи технологияларды енгізумен қатар, тұрғындардың да тазалыққа деген жауапкершілігін арттыру. Ал қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған жаңа жоба Түркістанның экологиялық мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, полигонға түсетін тұрмыстық қалдық көлемін азайтуға нақты мүмкіндік бермек.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
