![]()
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф, қазақтың ұлттық мәдениеті мен тарихи мұрасын сақтап, жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толып отыр. Ұлттың рухани құндылықтарын түгендеп, тарихи жадыны жаңғыртуға ғұмырын арнаған тұлғаның мерейтойы еліміздің әр өңірінде тағылымды шаралармен аталып өтуде.
Өзбекәлі Жәнібековтің есімі қазақтың ұлттық мәдениетін жаңғырту, ана тілін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптеу, тарихи жәдігерлерді елге қайтару және мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа аманаттау жолындағы іргелі бастамалармен тығыз байланысты. Ол ұмыт қалған ұлттық өнер мен қолөнерді қайта түлетуге, фольклорлық мұраны насихаттауға, музей ісін дамытуға және этнографиялық музейлердің қалыптасуына айрықша еңбек сіңірді.
Қайраткердің қызметі Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруы, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, ұлттық өнерді дамыту, сондай-ақ Түркістанның құнды мұрасын қорғау бағытындағы жұмыстармен сабақтас. Әсіресе, Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын сақтауға қосқан үлесі айрықша. Оның табанды еңбегінің арқасында көптеген құнды жәдігерлер мен ұлттық мұралар ел игілігіне қайта оралды. Соның бірі – тарихи Тайқазанның Түркістанға қайтарылуы.
Тұлғаның 95 жылдығына орай Түркістан қаласында «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасының зерттелуі» тақырыбында мәдени-танымдық шара өтті. Оған Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсұн, «Ықылас Дүкенұлы» атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі Бауыржан Жәнібеков және Өзбекәлі Жәнібеков қорының президенті Әзел Жәнібекова қатысты. Кездесуде қайраткердің ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны зерттеу, сақтау және дәріптеудегі еңбегі жан-жақты талқыланды. Ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері оның ғылыми-шығармашылық мұрасының маңызын атап өтіп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудағы қызметіне тоқталды. Шара барысында құнды жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылып, ғылыми баяндамалар жасалды. Кеш ұлттық өнерді дәріптеген концерттік бағдарламаға ұласып, белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлы өнер көрсетті.
Мерейтойлық шара Түркістан мен Арқалық арасындағы мәдени-рухани сабақтастықты да айшықтады. Тобыл-Торғай өңірінен арнайы келген Арқалық қазақ жасөспірімдер театры Түркістан музыкалық драма театрында Арқалық қаласының 70 жылдығы мен Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Арқалықтың ақ таңы» театрландырылған қойылымын ұсынды.
Қойылымды Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Арқалықтан келген арнайы делегация, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары тамашалады. Туындыда Арқалық өңірінің тарихы, елдік мұраты мен ұлттық құндылықтар көрініс тауып, Өзбекәлі Жәнібековтің ел тарихы мен мәдениетін сақтау, жаңғырту және ұрпақ санасына сіңіру жолындағы еңбегі өнер тілімен бейнеленді.
Тағылымды шара қос өңірдің тарихи-мәдени байланысын нығайтып қана қоймай, ұлт мұрасын ұлықтаған тұлғаның өнегелі жолын кейінгі буынға жеткізудің маңызын көрсетті. Өзбекәлі Жәнібековтің ғибратты ғұмыры мен ұлттық мәдениетке сіңірген еңбегі – уақыт өткен сайын мәні арта түсетін рухани мұра. Оның ел тарихындағы орны мен есімі халық жадында мәңгі сақталады.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
