![]()
Сауран ауданында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоғамдық аумақтарды күтіп ұстау және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында кезекті ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.
Игі шараға аудан бойынша 500-ге жуық тұрғын қатысып, 14 арнайы техника жұмылдырылды. Бірлескен еңбек нәтижесінде елді мекендердегі көшелер, қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандардың айналасы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Тазалық жұмыстары барысында жасыл желектерге күтім жасалып, арық-атыздар тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Сонымен қатар ретсіз өскен шөптер шабылып, жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтірілді. Ғимараттардың қасбеттері тазаланып, елді мекендердің сыртқы келбетін жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылды.
Мұндай шаралардың жүйелі түрде өткізілуі аудан аумағының тазалығы мен көркейтілуіне ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді. Ортақ іске тұрғындардың белсенді қатысуы елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға деген жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсетеді.
“Сауран ауданында абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және қоршаған ортаны күтіп ұстау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғаспақ”, — дейді жауаптылар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
