Сауран ауданы: Жүйнекте электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр

Loading

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жүйнек ауылдық округіне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында елді мекендегі инфрақұрылым мәселелері талқыланып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Шыпан елді мекенінің тұрғындары бірқатар аумақтағы электр бағаналарының ескіргенін айтып, оларды жаңарту мәселесін көтерді. Сондай-ақ жаңадан қоныстанған аумақта орналасқан Алишер Наваий көшесін электр желісімен тиісті деңгейде қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс айтылды.

Аталған мәселені шешу мақсатында аудан әкімдігі тарапынан сметалық құжаттама әзірлеп, тиісті жұмыстарды жүзеге асыру жоспарлануда. Жоба аясында Алишер Наваий көшесіне қуаттылығы 160 кВт болатын 1 трансформатор орнату, 50 электр бағанасын қою және 1,5 шақырым электр желісін тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда «Оңтүстік Жарық Транзит» АҚ тарапынан И. Усманов көшесінде электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 13 электр бағанасын орнату, 900 метр электр желісін тарту және қуаттылығы 100 кВт болатын трансформатор қою жұмыстары қолға алынған.

Аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың барысын жергілікті жерде бақылап, жауапты мамандармен және тұрғындармен тілдесті. Мақсат Таңғатаров электрмен жабдықтау мәселесі тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтіп, жоспарланған жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуына назар аударуды тапсырды. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген өзге де мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетіні жеткізілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You