![]()
Сауран ауданында өндірістік әлеуетті арттырып, өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеретін ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, аудан аумағындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында карбамид тыңайтқыштарын өндіретін және жүк көліктері мен автобустарға арналған шиналар шығаратын зауыттар салынбақ. Сонымен қатар Иассы ауылдық округіне қарасты Шойтөбе ауылында сұйытылған көмірсутек газын сақтау және теміржол эстакадасы арқылы автоцистерналарға құю базасы бой көтермек.
Бұл жобалар Түркістан облысында инвестициялық белсенділікті арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстардың бір бөлігі. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында жаңа жобалардың іске асу мүмкіндіктері мен экономикалық тиімділігі қаралып, бастамашыларымен оларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Сауран ауданындағы негізгі жобалардың бірі – «Turan» АЭА аумағында карбамид тыңайтқыштарын өндіретін зауыт салу. Бұдан бөлек, 17 гектар жерге жүк көліктері мен автобустарға арналған шиналар шығаратын кәсіпорын орналастыру жоспарланып отыр. Аталған жоба Қазақстанда алғаш рет қолға алынбақ. Оның жүзеге асуы отандық өндірістің жаңа бағытын қалыптастырып, импортты алмастыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам болмақ.
Өндірістік жобалардың қатарында Иассы ауылдық округіне қарасты Шойтөбе ауылындағы бастама да бар. Мұнда 8 гектар аумақта сұйытылған көмірсутек газын сақтау және теміржол эстакадасы арқылы автоцистерналарға құю базасын салу көзделген. Бұл жоба ауданның өндірістік және логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады.
Саурандағы жобалар облыстағы инвестициялық бастамалардың ауқымын айқындай түседі. Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында 2 гектар аумақта полимерлік дисперсияларды синтездеуге арналған автоматтандырылған зауыт салу жоспарланған. Сондай-ақ 3,1 гектар жерге мақта мен сабаннан целлюлоза өндіретін зауыт, 2 гектар аумақта күнбағыс майын өңдеу кәсіпорны бой көтермек.
Мақтаарал ауданындағы Жамбыл ауылдық округі аумағындағы «Turan» АЭА-да, яғни «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында 5 гектар жерге жіп иіру фабрикасын салу көзделген. Ал Сайрам ауданында қойма кешенін салу жобасы жүзеге асырылуда. Инвестициялық штаб отырысында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы мен Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы 2026 жылы іске асырылатын инвестициялық жобалар және шетелдік капиталдың қатысуымен инвестиция тарту бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Жалпы, жаңа жобалардың бірқатарының құрылысы қыркүйек айында басталмақ. Облыс басшысы инвестициялық жобаларды сапалы сүйемелдеп, инвесторларға қажетті жағдай жасаудың және белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.
– Біздің басты міндетіміз – өңірге жаңа инвестиция тартумен қатар, әрбір жобаның нақты нәтижесін қамтамасыз ету. Инвесторларға қажетті жағдай жасап, жобаларды іске асыру барысында туындайтын мәселелерді жедел шешуіміз қажет. Әсіресе, жаңа жұмыс орындарын ашатын, өндіріс көлемін арттыратын және аудан-қалалардың экономикалық әлеуетін күшейтетін жобаларға басымдық берілуі тиіс. Арнайы аймақтардан жер қарастырылады. 6 ай ішінде құрылыс жұмыстары басталмаған жағдайда, жер мемлекет меншігіне қайтарылады, – деді Нұралхан Көшеров.
Бұл талап инвестициялық жобалардың тек жоспар күйінде қалып қоймай, нақты өндіріске айналуына бағытталған. Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы өңірдегі өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға, жергілікті өнім түрлерін көбейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сауран ауданындағы өндірістік жобалардың жүзеге асуы аудан экономикасының құрылымын әртараптандыруға да серпін бермек. Тыңайтқыш, шина және газ инфрақұрылымына қатысты кәсіпорындардың пайда болуы өнеркәсіптік өндірісті күшейтіп қана қоймай, өзге де сервистік және логистикалық бағыттардың дамуына жол ашады.
Жалпы, Түркістан облысына соңғы сегіз жылда 7 триллион 570,8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде жаңа өндіріс орындары ашылып, тұрақты жұмыс орындары құрылды. Ендігі кезеңде басты міндет – осы инвестициялық әлеуетті нақты өндіріс орындарына айналдырып, оның игілігін аудан тұрғындары мен тұтас өңір экономикасына бағыттау. Сауран ауданында жоспарланған ірі жобалар осы мақсаттағы жұмыстардың маңызды бөлігі болмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
