![]()
Созақ ауданында қоршаған ортаны таза ұстау және елді мекендердің көркін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Шолаққорған ауылында кезекті ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, оған мекеме қызметкерлері, түрлі ұйымдардың ұжымдары, ерікті жастар мен тұрғындар белсенді қатысты.
Экологиялық шара барысында аудан орталығының тазалығына басымдық беріліп, бірқатар аумақта абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Шолаққорған–Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағы ретке келтірілді. Жол жиегі мен оған іргелес аумақтар қоқыстан тазартылып, айналаны көркейту жұмыстары атқарылды.
Сонымен қатар Шолаққорған–Созақ, Шолаққорған–Шымкент және Шолаққорған–Түркістан бағыттарындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Бұл жұмыстар елді мекенге кіріп-шығатын жолдардың тазалығын сақтап, қоғамдық ортаға қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталды.
Сенбілік кезінде су өткізгіш өткелдер, каналдар мен арық-атыздар да тазаланды. Орталық көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарының бойындағы арамшөптер орылып, жиналған қоқыс шығарылды.
Тазалық жұмыстарына тұрғындардың белсенді араласуы экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын көрсетеді. Өйткені елді мекеннің ажары тек арнайы қызметтердің жұмысына емес, әр тұрғынның қоршаған ортаға деген жауапкершілігіне де байланысты.
— «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, аудан аумағын таза әрі жайлы ұстауға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүргізіле бермек, — дейді жауаптылар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
