![]()
Созақ ауданында Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл – әр ұлттың баға жетпес қазынасы» атты аудандық тіл фестивалі өтті. «Мыңжылқы» мәдениет сарайында ұйымдастырылған тағылымды шара мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, тіл мәдениетін дәріптеуге және елдегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға арналды.
Фестивальге аудан тұрғындары, этнос өкілдері, тіл жанашырлары, зиялы қауым, қоғамдық ұйым мүшелері, білім саласының қызметкерлері мен жастар қатысты. Шара аясында көпшілікке тілдің ұлт болмысын сақтаудағы маңызы кеңінен таныстырылды. Мәдениет сарайының фойесінде тіл тақырыбындағы кітаптар көрмесі, Тілдерді оқыту және дамыту орталығының арнайы экспозициясы, этнос өкілдерінің ұлттық мәдениетін таныстыратын көрме және ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары қойылды. Ал фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің орындауындағы ұлттық әуендер мерекелік шараның мазмұнын байыта түсті.
Фестивальдің сахналық бағдарламасы қазақ руханиятының темірқазығы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен мұрасын дәріптейтін театрландырылған көрініспен ашылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен тіл саясатының маңызын айшықтайтын арнайы сахналық композиция көрермен назарына ұсынылды.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы сөз сөйлеп, тілдің ел бірлігін бекемдеудегі және ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудегі рөліне тоқталды. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің дамуына, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген азаматтарға Алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.
Мерекелік бағдарлама барысында қазақ тілін жетік меңгерген өзге этнос өкілдері мен тіл жанашырлары өз ой-пікірлерін ортаға салды. Олардың қазақ тіліне деген құрметі мен тіл үйрену тәжірибесі көпшілікке үлгі болды. Шара барысында эстрадалық және дәстүрлі әндер шырқалып, күй орындалды. Этномәдени бірлестіктер мен фольклорлық-этнографиялық ансамбль өкілдері ұлттық өнердің озық үлгілерін ұсынып, көпшілікке мәдени мұраның сан қырын таныстырды.
Тіл – халықтың тарихи жады мен рухани сабақтастығын сақтайтын басты құндылық. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тек мерекелік шаралармен шектелмей, күнделікті қоғамдық өмірде оның қолданылу аясын кеңейтумен сабақтасуы маңызды. Созақтағы тіл фестивалі осы бағыттағы жұмыстардың мазмұнды жалғасы болды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
