Созақ ауданында «KATCO» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының 30 жылдығы аталып өтті

Loading

Созақ ауданында Қазақстан мен Францияның уран өнеркәсібі саласындағы ұзақмерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастығының жарқын үлгісіне айналған «KATCO» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының 30 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шара өтті. Үш онжылдықты артқа тастаған кәсіпорын бүгінде өндірістік әлеуетімен ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесімен де ерекшеленеді.

Кәсіпорынның «Шаңырақ» вахталық лагерінде өткен мерекелік шара «KATCO»-ның отыз жылдық тарихын қамтыған бейнероликпен басталды. Компанияның қалыптасуы мен даму кезеңдерін, өндірістік жетістіктерін және ұжымның еңбегін арқау еткен бейнематериалдан кейін «Фараб» би ұжымының қазақ ұлттық биі көпшілік назарына ұсынылды.

Мерейтойлық жиында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов кәсіпорын ұжымын айтулы мерейтоймен құттықтап, «KATCO»-ның үш онжылдықтағы еңбегіне жоғары баға берді. Ол кәсіпорынның Түркістан облысы мен Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

– 1996 жылы «Orano» және «Қазатомөнеркәсіп» компанияларының бірлескен жобасы ретінде құрылған кәсіпорын бүгінде табиғи уран өндіру саласындағы жетекші компаниялардың біріне айналды. «KATCO»-ның бүгінгі жетістіктерінің негізінде кәсіпорында жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мыңдаған білікті маманның кәсібилігі мен тәжірибесі жатыр. Кәсіпорын Созақ ауданының және тұтастай Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді, – деді Зұлпыхар Жолдасов.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары өңірдің инвестициялық белсенділігін арттыру, өндірістік әлеуетін кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы міндеттерге де тоқталды. Оның айтуынша, ұзақмерзімді инвестиция мен халықаралық әріптестіктің нәтижесінде қалыптасқан «KATCO» тәжірибесі өндіріс пен өңір дамуының өзара байланысын көрсетеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың экономикалық саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі – инвестиция тарту, жаңа өндірістерді дамыту, технологиялық жаңғырту және сапалы жұмыс орындарын құру. Осы тұрғыда «KATCO» – ұзақ мерзімді инвестиция мен тиімді халықаралық әріптестіктің нақты нәтижесін көрсетіп отырған кәсіпорын. Бүгінде Түркістан облысы үшін инвестициялық белсенділікті арттыру және өндірістік әлеуетті кеңейту стратегиялық міндеттердің бірі. Сондықтан өңірде жұмыс істеп жатқан инвесторлармен өзара сенімге негізделген ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше мән береміз, – деді ол.

Зұлпыхар Жолдасов Қазақстан мен Франция арасындағы берік достық пен іскерлік байланыстың қалыптасуында кәсіпорынның орны ерекше екенін атап өтіп, «KATCO»-ның дамуына үлес қосып келе жатқан қызметкерлерге еңбегі мен кәсібилігі үшін алғыс білдірді.

Мерейтойлық жиында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков те сөз сөйлеп, кәсіпорынның 30 жылдық тарихы ауданның даму кезеңдерімен тығыз байланысты екенін жеткізді. Аудан басшысы «KATCO»-ның өндірістік қызметімен қатар, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысып келе жатқанын атап өтті. Кәсіпорын тарапынан білім беру, денсаулық сақтау, спорт, энергетика және су инфрақұрылымы бағыттарында жүзеге асырылған жобалар аудан тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысандардың қалыптасуына ықпал етті.

Мерейтойлық шараға Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге, Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Асет Махамбетов, «Orano» Директорлар кеңесінің төрағасы Клод Имовэн, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма мүшесі Дастан Кошербаев және «KATCO» Бас директоры Закариа Эль Марзуки қатысты.

Құттықтау сөздерінде тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы ұзақ жылдарға негізделген сенімді серіктестіктің нәтижелеріне тоқталды. Сондай-ақ кәсіпорынның технологиялық әлеуеті, өндірістік көрсеткіштері, кәсіби мамандардың еңбегі және үш онжылдық ішінде қалыптасқан тәжірибесі сөз болды.

«KATCO» бірлескен кәсіпорны 1996 жылы құрылған. Созақ ауданында орналасқан кәсіпорын құрамында уран бар кенді өндіру, өңдеу, тасымалдау және сақтау бағыттарында қызмет атқарады. Қазіргі таңда мұнда 1235 адам еңбек етеді. Оның 611-і – Созақ ауданының тұрғындары. Ұжым қызметкерлерінің шамамен 60 пайызы компанияда он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Бұл көрсеткіш кәсіпорында қалыптасқан кәсіби орта мен мамандар тәжірибесінің сабақтастығын аңғартады.

Кәсіпорынның ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі де ауқымды. 2009 жылдан бері Созақ ауданындағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 8,2 миллиард теңге бағытталған. Осы қаражаттың есебінен білім беру, денсаулық сақтау, спорт, энергетика және су инфрақұрылымы салаларында 500-ден астам жоба іске асырылған.

Бұл бастамалар кәсіпорын қызметінің өндірістік көрсеткіштермен ғана өлшенбейтінін көрсетеді. Өйткені ірі өндіріс орны орналасқан аумақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға үлес қосу және жергілікті кадрларды жұмыспен қамту да өңірлік дамудың маңызды бағыттарының бірі.

Мерейтой барысында кәсіпорынның қалыптасуы мен дамуына, өндірістік әлеуетінің артуына және өңірдің өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азамат арнайы марапаттарға ие болды. Бұл – үш онжылдық бойы кәсіпорынның дамуына еңбек сіңірген мамандардың еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі.

«KATCO»-ның 30 жылдығына арналған мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. “Kultegin” этно-ансамблі мен «Фараб» би ұжымының өнерпаздары өнер көрсетіп, мерейтой қонақтары мен кәсіпорын қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Отыз жыл – кәсіпорын тарихындағы маңызды белес. Осы кезең ішінде «KATCO» Қазақстан мен Франция арасындағы өндірістік әріптестіктің орныққан үлгісін қалыптастырып, Созақ ауданындағы ірі жұмыс берушілердің және әлеуметтік жобаларға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан кәсіпорындардың біріне айналды. Ал мерейтойлық шара компанияның өткен жолын саралап қана қоймай, қалыптасқан тәжірибе мен кәсіби әлеуетті алдағы даму кезеңдеріне бағыттауға мүмкіндік беретін маңызды белес ретінде атап өтілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You