Қарнақта өнер мен мәдениеттің жаңа орталығы ашылды

Loading

Кентау қаласына қарасты Қарнақ елді мекенінде заманауи үлгідегі «Достық үйі» ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы күнмен құттықтады. Өңір басшысы жаңа ғимаратты аралап көріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

— Құрметті қарнақтықтар! Баршаңызды тарихи Қарнақ ауылындағы жаңа 300 орындық «Достық» үйінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аймақтарда «Достық» үйлерін көбейтуді тапсырған болатын. Түркістан облысында осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Облыс орталығында «Достық» үйі ашылып, ауқымды жиындарды қабылдайтын орынға айналды. Қазақ руханияты мен ел бірлігін насихаттайтын мұндай орталықтардың маңызы зор.

Қарнақта бой көтерген жаңа нысан – елдің рухани өмірін жандандырып, өнер мен мәдениеттің, бірлік пен татулықтың алтын ордасына айналады деп сенемін. Қарнақ ауылы – талай ғұлама мен дін қайраткерлерін тәрбиелеген тамыры терең мекен. Осындай киелі өлкеде жаңа орталықтың ашылуы – заңдылық.

Бүгін пайдалануға беріліп отырған «Достық» үйі жастардың өнерін шыңдайтын, ақсақалдар мен аналардың басын қосатын, түрлі мәдени-көпшілік шаралар өтетін берекелі мекен бола берсін. Қарнақ ауылының дамуына әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан барша азаматтарға, құрылысшыларға және осы игілікті істің жүзеге асуына үлес қосқан жандарға ризашылығымды білдіремін. Жаңа нысан құтты болсын! Тәуелсіз еліміз мәңгі жасап, бірлігі жарасқан халқымыздың бағы жана берсін! — деді Нұралхан Оралбайұлы.

Жаңа «Достық үйі» мәдени және қоғамдық іс-шараларды өткізуге арналған заманауи нысан ретінде ауыл тұрғындарының басын қосатын маңызды орталыққа айналмақ. Мұнда жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға, өнерін шыңдауға және түрлі мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік бар.

Ғимараттың жалпы ауданы 2844,71 шаршы метрді құрайды. Жобалық-сметалық құны 1 277,8 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын «РСУ-1» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді. Ғимарат 300 адамға арналған және заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған.

Тарихы терең Қарнақтағы жаңа орталық ауылдың рухани-мәдени өмірін жандандырып, өнер мен мәдениетті дамытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және тұрғындардың шығармашылық бастамаларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You