Президенттің ел дамуына қатысты ой-толғамдары Шымкентте кеңінен талқыланды

Loading

Шымкентте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» атты таңдаулы сөздерінің жинағы кеңінен талқыланды. «Қызғалдақ» конгресс-холында өткен алқалы жиынға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, сондай-ақ бизнес пен шығармашылық сала өкілдері қатысты.

Президенттің ел дамуына қатысты пайымдары мен таңдамалы ой-толғамдары топтастырылған жаңа басылым жиынға қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды. Алқалы жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек модераторлық етті. Ол Мемлекет басшысының әр жылдардағы сөздерін біртұтас динамикада қарастырудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, әр кезеңдегі ой-толғамдар бір арнаға тоғысқанда, елдің даму белестері мен бетбұрысты кезеңдері айқын көрінеді.

Жиында Ж.Тәшенев атындағы университеттің Басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі Оңалбай Аяшев білім мен ғылымның ел дамуындағы рөліне тоқталды. Ол бүгінде білімнің басты басымдықтардың біріне айналғанын айтып, жастардың мамандық таңдаудағы және ел болашағы алдындағы жауапкершілігін атап өтті.

Ал Шымкент қалалық Тілдерді оқыту әдістемелік орталығының директоры Амангелді Иманқұлов ұлттық құндылықтар мен ана тілінің маңызына тоқталды. Оның пікірінше, ана тілі – ұлттың жады мен ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын алтын көпір.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын әрі аудармашы Абай Қалшабек сөз қадірі мен жауапкершілігі туралы ой қозғады. Қаламгер үшін әрбір сөздің адалдық пен шынайылықтың өлшемі екенін жеткізді.

Басқосуда әділетті қоғамның орнығуы заң талаптарымен қатар, азаматтардың өзара сенімі мен жауапкершілігіне де байланысты екені айтылды. Тәуелсіздік жылдарындағы қоғамдық және экономикалық өзгерістерге қарамастан, әділеттілік, заң үстемдігі мен білім сапасы ел дамуының маңызды бағыттары ретінде қала беретіні атап өтілді.

Жинақта әділеттілік, заң үстемдігі, ұлттық бірегейлік, білім, цифрландыру және экологиялық мәдениет секілді 21 негізгі бағыт қамтылған. Қатысушылардың айтуынша, басылым қазіргі мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарларын түсінуге мүмкіндік береді. Оның жастар, мемлекеттік қызметшілер мен Ұлттық құрылтай депутаттары үшін де маңызы зор.

Жиында Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, профессор Бекет Тұрғараев та пікір білдірді.

— Бұл – Мемлекет басшысының көпжылдық еңбегі мен ел дамуына қатысты құнды ойлары жинақталған маңызды еңбек. Кітапты зор ықыласпен оқып шықтым. Әріптестеріме, достарыма және балаларыма «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» кітабын оқуды ұсындым. Тіпті оны әр шаңырақтың үстел үсті кітабына айналдыруды ұсынар едім, – деді ол.

Айта кетейік, Президент кітабы бұған дейін Алматы, Атырау, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында талқыланған.

Жиынның «Қызғалдақ» конгресс-холында өтуінің де өзіндік мәні бар. 2025 жылғы сәуірде Шымкентке жасаған сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев ғимаратқа «Қызғалдақ» атауын беру жөніндегі ұсынысты қолдаған еді. Бүгінде шаһардың басты мәдени орталықтарының біріне айналған нысанда бұл жолы ел болашағы, әділеттілік, білім мен ұлттық құндылықтар жөніндегі ойлар ортаға салынды.

Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, жинақтың мазмұны мен оның қоғамдық маңызына қатысты ұсыныстарын білдірді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You